Өрт – тілсіз жау, айтып келмейді. Ал автономды өрт хабарлағышы адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы түтінді ерте анықтап, қатты дыбыстық белгі арқылы тұрғындарды дер кезінде ескертеді. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында өрт хабарлағышын әрбір тұрғын үйге орнату аса маңызды.

Өрт қаупі кезеңі басталғалы өңірде жеке тұрғын үй секторында 37 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз. Алайда өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, тағы 5 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттердің басым бөлігі түнгі уақытта орын алады. Дәл осы мезетте түтін дер кезінде байқалмай, адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Өткен аптада Ертіс ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан екі бала көз жұмды. Тағы бір бала өздігінен сыртқа шығып үлгерген, ал біреуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Өрттің шығу себебі әлі анықталуда. Белгілі болғаны – бұл отбасы аталған үйге қыркүйек айында көшкен. Жаңа баспанада автономды өрт хабарлағыштары орнатылмаған. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды қауіпсіздік құралдарын дер кезінде орнатуға шақырады.

Департамент есебінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 1 289 тұрғын үй бар. Бұл отбасыларда профилактикалық шаралар үнемі жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен 1 025 автономды өрт хабарлағышы орнатылды. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар әр үйде орнатылса, қанша адамның өмірін сақтап қалар еді.

Сабина Жолдаспаева