Павлодар қаласындағы ойын-сауық орталықтарының бірінде «Әділет кеңес береді» ашық алаңы өтті. Шара тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге, заң саласындағы өзекті сұрақтарға жауап беруге бағытталды. Аталған акцияға Әділет департаментінің қызметкерлері, нотариус, прокуратура өкілдері мен сот сарапшылары қатысты.

Әділет министрлігі Республикалық палатамен бірлесіп іске қосқан «AdiletGov» мобильдік қосымшасы кеңінен таныстырылды. Бұл қосымша арқылы азаматтар атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн режимде бақылап, жеке сот орындаушылары қабылдаған шаралармен таныса алады. Аталған жүйе халыққа заң көмегін қолжетімді, ашық әрі ыңғайлы түрде ұсыну үшін іске қосылған.

Аслана Байзақова, Павлодар облысы әділет департаментінің бөлім басшысы

Цифрлық реформа – заң қызметтерін халық үшін қолжетімді етудің маңызды қадамы. Ал бұл шара азаматтарға тегін құқықтық көмек алуға мүмкіндік беретін диалог алаң ретінде ұйымдастырылды. Аталған платформа Павлодар облысы Әділет департаментінің бастамасымен өтті. Тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды. Біздің мақсат – өңір тұрғындары мен келушілеріне Әділет министрлігінде енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіру. Қандай цифрлық технологиялар іске қосылғанын жеткізу. Сонымен қатар, «E-заң көмегі» сияқты жаңа цифрлық ресурстар бар екенін айту. Бұл платформа азаматтардың белгілі бір санаттарына тегін құқықтық көмек көрсетеді. Сондай-ақ «E-нотариат» жүйесі енгізілді. Ол арқылы тұрғындар сенімхаттарды, келісімдерді және ерлі-зайыптылардың келісімін қашықтан рәсімдей алады.

Қала тұрғындары мамандармен сөйлесіп, толғандырған мәселелер бойынша тегін кеңес алды. Көбінесе интернет-алаяқтық, қарыз өндіру, несиеге байланысты мәселелер және жеке сот орындаушыларының әрекетіне қатысты сұрақтар қойылды.

Зухра Ерменова, Павлодар қаласының тұрғыны

Жалпы мен өзім туралы сұрақ болды. Алимент туралы. Жауаптарын алдым. Бәріне жауап берді.

Елена Харченко, Павлодар қаласының тұрғыны

Мұндай акцияның ұйымдастырылғаны өте жақсы. Осындай шаралар жиі өткізілсе екен. Себебі бұл туралы әлі де көп адам біле бермейді. Біз өзіміз бұл ақпаратты алғаш рет естіп тұрмыз. Ең бастысы – тегін. Менің сұрағым болды. Өзім Павлодарда тұрамын, ал мәселе Астанада шешілуі керек еді. Бармай-ақ, қашықтан қалай әрекет ету керектігін толық түсіндіріп берді.

Мамандар, атқарушылық іс жүргізудің онлайн-сервистері, оның ішінде «Тараптар кабинеті» азаматтарға ыңғайлы уақытта өтініш жолдап, атқарушылық құжаттардың орындалу барысы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Онлайн-сервис арқылы жолданған сұрақтарға ресми жауап 5 жұмыс күніне дейін беріледі. Бұл бұрынғы 15–30 күндік мерзіммен салыстырғанда әлдеқайда жылдам.

Сабина Жолдаспаева