Павлодар қаласындағы №16-ші жалпы орта білім беру мектебінде «Біз және қаржылық қауіпсіздік» атты сабақ өтті. Квест ойын түрінде өткен сабақ оқушылардың қаржылық және цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Сабақ 12 мен 14 жас аралығындағы балаларға арналған. Квест форматында қатысушылар қаржылық тәуекелдердің негізгі түрлерімен танысып, алаяқтық схемалардың қандай сипаттары мен белгілері бар екенін анықтады. Осылайша банк карталарын және интернет-ресурстарды қауіпсіз пайдалануды, сондай-ақ саналы қаржылық шешімдер қабылдауды үйренді.

Ботагөз Кенжебаева, А. Шәмкенов атындағы ЖОББ мектебі басшысының орынбасары

Әрбір бала ата-анасы берген ақшаны басқаруды үйренуі керек. Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдердің алаяқтардың құрбаны болу жағдайы көбейіп кетті. Олар тіпті балалар арқылы ата-аналарының есепшотына қол жеткізіп жатыр. Бұған қарсы сауаттылықты ерте жастан қалыптастырған дұрыс.

Сабақ бағдарламасына викторина, командалық квест, шығармашылық тапсырмалар мен қорытынды кірді. Сабақ форматы сыни ойлауды, жауапкершілікті, коммуникативтік дағдыларды және командада жұмыс істеу қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Дария Аникина, оқушы

Өте маңызды сабақ. Күдікті қоңыраулар көптеп түседі. Классымдағы балаларға қоңырау шалып, код сұраған оқиғалар көп. Ондай оқиға өзімнің де басымнан өтті. Алайда, алданған жоқпын. Сондықтан, бұндай жағдайдан бәрі хабардар болуы тиіс.

Бұндай форматтағы қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбындағы сабақ тәрбиелік жұмыс аясында және «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектептерде ұйымдастырылды. Сондайа-ақ, қосымша білім беру ұйымдарында, мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде де өткізу ұсынылып отыр.