«Айна» галереясы кезекті көрмені ашты. Бұл жолы павлодарлықтарға балалар көркемөнер мектебінінің құрылымдық бөлімшесі ұстаздарының таңдаулы жұмыстары ұсынылды. Авторлар қатарында үлкен өнерге енді қадам басқан жас ұстаздар да бар.
Бұндай көрмеге өзінің жұмысын алғаш ұсынып отырған авторлардың бірі Медет Канленов. Алматыдан білім алған. Оның ұстаздық жолды бастағанына да көп уақыт өтпепті. Негізінен графикалық бағытта жұмыс істейді. Көрмеге ең соңғы жазған жұмысын әкеліпті.
Шара аясында көрмеге жұмыстарын әкеліп, көпшілікке ұсынған барша авторларға алғыс хат табысталды. Бұл көп жылдан бері «Айна» галереясын ұйымдастырылып келе жатқан облыстық кітапхананың авторларға деген ілтипаты. Ал, көрмеге 13 автордың 40 тан астам туындысы қойылған. Жұмыстардың бағыты әр түрлі. Орындалу техникалары да сан алуан. Тақырыптар да ауқымды. Жеке адамның көңіл-күйінен бастап, табиғаттың айрықша әсемдігі, қала пейжаздары, ұлттық болмыс пен танымға негізделген жұмыстар да бар.
Авторлар, яғни, балалар көркемөнер мектебінің ұстаздары осындай бас қосулардың аса маңызды екендігін айтады. Шығармашылық иелерінің бір-бірімен ой алмасуына, жұмыстарын көпшілікке ұсынуына оңтайлы дейді. Сондықтан, осындай көрмелер жиі болса деген тілекте.