Павлодар қаласында салынып жатқан көпір аумағында бір тәулік ішінде екі рет өрт шықты. Тілсіз жау көпірдің №5 тіреуінде болған. Онда жылу оқшаулағыш материал, қорғаныш жабындысы және ағаш қалып элементтері жанған. Қазір оқиға төтенше жағдайлар қызметінің бақылауында.

Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне көпір маңында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жіберілді. Жалын ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Өрт сөндірушілер 100 шаршы метр аумақты қамтыған жалынды ауыздықтады. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Қазір бұл нақты анықталуда. Мамандардың хабарлауынша, бір тәулік ішінде тіркелген екі өрттің шығу себептері арасында байланыс жоқ.

Сабина Жолдаспаева