Мойылды ауылында жаппай көкпардан жарыс өтті.Ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі додаға аудандардан және көрші өңірлерден келген шабандоздар қатысты. Дәстүрлі сайыста шамамен 50-ге жуық сәйгүлік алаңға шығып, көрермендерге шынайы тартыс сыйлады.

Бұл — ұлттық рухтың айқын көрінісі. Жаппай көкпар еркіндікке негізделген, төзім мен ептілік сыналатын ерекше сайыс. Мұнда қатысушылар саны шектеусіз болғандықтан, әр шабандоз алаңда өз шеберлігін барынша паш етеді. Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірі — кәсіпкер Сәбит Есенбол. Ол л жаппай көкпардың ел ішінде кеңінен насихатталуы аса маңызды екенін атап өтті.

Сәбит Есенбол, кәсіпкер

Бүгін өте керемет күн. Көкпарды дамыту Павлодар облысында бірінші рет болып жатыр. Жан жақтан командалар келіп жатыр. Көкпар ұйымдастырушы «Көкпар» Досжан бауырымзға мың алғыс. Сол баланың айтуымен мен өзім спонсор болып, өткізіп жатырмыз. Жан-жақтан келді. Ақмола облысынан. Қазірдің өзінде 40-50 ат жүр.

Жаппай көкпар — көшпенділер дәуірінен жеткен, қазақтың еркін мінезін, қайтпас рухын айшықтайтын ойын. Бұл форматта жеңістен бұрын намыс, тәртіптен бұрын төзім, есептен бұрын жүрек сөйлейді. Көкпаршы Данияр Аманжолов Ерейментау ауданынан келді. Ойын тартысты өткенін айтады.

Данияр Аманжолов, шабандоз

Павлодар облысы бұлар тартысқа жақын болады бұл жақта. Жеке дара салып бұл жақта өте қиын біз өзіміз Ерментаудан келдік Павлодарда 300 шақырым жерде. Ойын өте жақсы болып жатыр.

Жергілікті тұрғындар да ұлттық спорттың жаңғырып, ауылда осындай ауқымды шараның өтуіне ризашылық білдірді.

Бердімұрат Керейбай, Мойылды ауылының тұрғыны

Ойын керемет жақсы өтіп жатыр. Мойылды ауылында. Бұл енді қазақтың дәстүр салты, жастарымыз аттың үстінде ойнап осындай керемет той өтіп жатыр. Қазақстанымыз гүлдене берсін. Салт дәстүр көбею нәсіп етсін.

Дүбірлі дода көкпардың тек спорт қана емес, ұлттың болмысын, тарихы мен рухын ұрпақ санасына сіңіретін құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын табады.

Әйгерім Тоқпанқызы