Павлодар қаласындағы ардагерлер үйінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға сала мамандары, қоғам белсенділері мен депутаттар қатысып, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Кездесудің мақсаты құжаттағы өзгерістерді жан-жақты қарастырып, қоғам пікірін ескеру.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасы егжей-тегжейлі талқыланды. Қатысушыларға қоғамдық талқылау нәтижесінде ұсынылған өзгерістердің басым бөлігі құжатқа енгізілгені айтылды. Ұсыныстардың шамамен 84 пайызы жаңа жобаға енген. Реформа құқықтық жүйені нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.
Сейсенбай Жетпісбаев, Павлодар облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
Құрылтай деген атаудың өзі жаңадан сайланған депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын. Бұл тек заң қабылдау емес, ел алдындағы үлкен міндет. Қазір барлық өзгерістер мен ұсыныстарды комиссия әлі де қарап жатыр. Жаңадан түскен ой-пікірлер талқыланып, ескеріледі деп сенеміз. Егер жаңа Конституция қабылданса, ол халықтың шынайы жағдайы мен пікірін толық қамтиды деп ойлаймын.
Жиында әрбір баяндамаға ерекше назар аударылды. Сарапшылар ұсынған өзгерістердің азаматтардың өміріне қалай әсер ететіні талқыланды. Сонымен қатар, елдегі құқықтық жүйенің дамуына қосар үлесі де сөз болды.
Илья Теренченко, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі
Конституциялық комиссия жұмысының ашықтығын арттыру үшін бірқатар шаралар қабылданды. Ең алдымен, комиссия отырыстары ресми сайттар мен Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілуде. Барлық отырыстар ашық форматта өтеді. Сонымен қатар, комиссия қызметін жедел әрі кеңінен ақпараттандыру мақсатында арнайы Telegram арнасы құрылды. Онда барлық жаңалықтар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Комиссия мүшелері әлеуметтік желілердегі түрлі топтарда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осылайша, комиссия қызметі ашық, қолжетімді әрі қоғам үшін түсінікті. Бұл — Мемлекет басшысы ұсынған қағидаттарының нақты көрінісі.
Жиын ашық әрі мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты өз ойларын еркін білдірді. Айтылған әрбір ұсыныс пен пікір болашақтағы маңызды өзгерістердің бағытын айқындауға өз үлесін қосты.
Сабина Жолдаспаева