Италияда өтіп жатқан XXV қысқы олимпиадада Қазақстан алғашқы медальға қол жеткізді. Отандасымыз Михаил Шайдоров ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан топ жарып, алтын жүлде жеңіп алды.
Қысқа бағдарламаны қазақстандық спортшы бесінші орынмен аяқтады. Ал еркін бағдарламада Михаил Шайдоров күрделі элементтерді ойдағыдай орындады, әсіресе 5 рет төрттік секіру элементін көрсетіп, жанкүйерлерді қуантты. Осылайша, ол қос бағдарлама қорытындысы бойынша қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Италия төрінде Қазақстанның көк туы көкке көтеріліп, әнұран әуеледі. Михаил Шайдоровтың жеңісіне жерлесіміз, конькимен сырғанаушы, Олимпиада ойындарының 4 мәрте қатысушысы әрі қол жүлдегері Людмила Прокашева жоғары баға беріп, жанкүйер болғанын айтты.
Людмила Прокашева, 1998 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері
«Мен де ел сияқты біздің жігіттің жетістігіне, жаттықтырушысы мен командалық жұмыстың нәтижесіне бек қуаныштымын. Олар жарады. Михаил Шайдоров Денис Теннің оған осы медальға жетер жолды ашып бергенін атап өтті. Бұл өте қуантады. Алтын медаль жеңіп алса да, елімізде осындай спортшы болғанын ұмытпай, еске алуының мәні зор. Бастысы – алтын медаль бар. Әрине, бұл соңғы олжа болмаса екен дейміз. Алда әлі конькимен жүгірушілеріміз де жүлде үшін таласатын болады. Оларға да медельдар бұйырса екен деймін»
Бұл жеңіс – ел спорты тарихындағы маңызды жетістік, тәуелсіз Қазақстанның ақ Олимпиададағы сонау 1994 жылдан кейін араға 32 жыл салып қол жеткізген екінші алтыны. Ал мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынындағы алғашқы алтын. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадада қола жүлде иеленген.
Жұлдыз Қабылденова