Майқайың кентінде жантүршігерлік жағдай анықталды. Біраз уақыт бұрын қайтыс болған екі адамның денесі табылды.
Сұмдық оқиға туралы ақпарат 13 ақпанда тарады. Майқайың кентінде ер адам мен әйел адамның мәйіті табылған. Алдын ала деректер бойынша, олардың бірінің шамамен екі жыл бұрын, екіншісі бірнеше ай бұрын қайтыс болуы мүмкін. Бұл дерек бойынша Павлодар облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Жанар Белялова, Павлодар облысы пд ресми өкілі
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән жайын анықтау үшін бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Бұған дейін кент тұрғындары бұл отбасының бөгде адамдарды үйіне кіргізбейтінін айтқан. Сонымен қатар, бұл үйде 6 жастағы баланың тұрғаны да анықталды.
Сәуле Шәкенева, өңірлік бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Бала қазір Майқайындағы аурухананың балалар бөлімшесінде. Оның қазір заңды өкілдері жоқ, анасы қайтыс болған. Бірнеше күн ол ауруханада болуы керек. Жағдайы тұрақты, өзінің жасына сай дамып келеді. Психоэмоционалдық жағдайы тұрақты. Бала мектепке дейінгі ұйымға бармаған. Қазір онымен балалар психологы жұмыс істеп жатыр. Кейін ол Екібастұз қаласындағы балаларды қолдау орталығына орналастырылады.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша жан жақты тергеу амалдары жалғасуда.
Самал Қалиқызы