Павлодар қаласының тұрғындары жол қозғалысы ережелері бойынша емтихандарын сәтті тапсырғандарына қарамастан, жүргізуші куәлігін уақытылы ала алмаған. Бұған не себеп ? Тілшіміз баяндайды.

Қала тұрғыны Гүлдана Ақылбек автомектепте дайындықтан өтіп, емтихандарын тапсырған. Айтуынша, тұрмыс құрып, тегін ауыстырғандықтан, жүргізуші куәлігін жаңартқысы келген. Дегенмен, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының электрондық жүйесіндегі ақауға байланысты жүргізуші куәлігін уақытында ала алмаған.

Гүлдана Ақылбек, Павлодар қаласының тұрғыны

 «Мен автомектепке барып, емтиханнан сәтті өттім. Қолымда емтиханнан өткенімді растайтын құжат болды, бірақ мамандандырылған қызмет көрсету орталығы маған жүргізуші куәлігін табыстай алмады, себебі мен туралы мәлімет деректер базасынан табылмады.»

Айта кетейік – кейіпкеріміз жүргізуші куәлігін кешіктіріп алған жалғыз тұрғын емес. Жыл басынан оннан аса азамат осындай мәселеге тап болған. Қажетті құжаттарын ала алмаған олар мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментіне шағымданған.

Мөлдір Құлмағамбетова, мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бас маманы

 «Департаментпен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалына жоспардан тыс тексеріс ашылды. Департаменттің араласуынан кейін және мемлекеттік корпорациямен бірлескен жұмыс нәтижесінде техникалық ақаулар шешіліп, қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді. Жүргізуші куәліктерін алды.

Жалпы аталған департамент тексерісі нәтижесінде былтыр 8 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Олар бойынша 98 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жұлдыз Қабылденова