Облыс тұрғындарының көлік салығы бойынша қарыздары 655 млн теңгеге жеткен. Ал берешегі бар көлік иелерінің саны 19 мыңнан асады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды.
Облысымызда 147 мыңнан аса автокөлік иесі тіркелген, олардың меншігінде 220 мыңнан астам автокөлік бар. Бұл азаматтар көлік салығын 1 сәуірге дейін уақытылы төлеуі тиіс.
Арман Увалиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы
«Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап салық төлеушілерге автоматты түрде хабарламалар жіберілетін болады. Бұл хабарламаны 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Ал хабарлама орындалмаса, салық бұйрықтары жасалады. Салық бұйрығын 5 күн ішінде орындау қажет. Бұл бұйрық та орындалмаса, олар тиісті шаралар қабылдау үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына берілген жағдайда, негізгі салық сомасынан бөлек, жеке сот орындаушысының қызметі үшін қосымша 3%-дан 25%-ға дейінгі мөлшерде төлем өндіріп алынады. Сондықтан қосымша қаржылық жүктемелердің алдын алу үшін, 2025 жылға арналған салықтарды 1 сәуірден кешіктірмей төлеуге шақырамыз.»
Қазіргі таңда 19 мыңнан астам облыс тұрғыны көлік салығы бойынша шамамен 655 млн теңге қарыз болып отыр. Олардың бір бөлігі автокөліктерін сенімхат арқылы сатқан. Нәтижесінде, көлік іс жүзінде басқа адамның пайдалануында болса да, заң жүзінде бұрынғы иесінің атына тіркелгендіктен, салық міндеттемелері бұрынғы иелеріне жүктеліп келеді.
Арман Увалиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы
«Бізге осы мәселе бойынша сұрақ көп түседі. Мысалы, бір азамат көлігін сатып жібереді, осылайша қазір іс жүзінде ол көлік – басқа адамда. Соған қарамастан, салық міндеттемесі көліктің бұрынғы иесіне келіп жатады. Осындай жағдайға тап болғандардың негізгі бөлігі – кезінде көлік құралдарын сенімхат арқылы сатып жіберген тұлғалар. Бұл бізде ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан берешек болып есептеледі. Қазір осындай 10 999 салық төлеуші бар. Негізінен, олар көлікті сенімхат арқылы сатқан, яғни іс жүзінде көлік өздерінде жоқ, бірақ заң жүзінде көлік әлі де олардың атына тіркеліп тұр. Салық пен өсімпұлдың әрі қарай есептелуін болдырмау үшін алдымен берешекті жабу қажет, содан кейін көлік құралдарын есептен шығару үшін уәкілетті органға өтініш беру керек.»
Спикер жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге тоқталды. Салық көлемі айлық есептік көрсеткішке байланысты екені белгілі. 2026 жылдан бастап жеңіл автокөліктерге салық сомасы есептелгенде пайдалану мерзіміне байланысты түзету коэффициенттер қолданылады. Қазіргі таңда өңірде пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан 120 мыңнан аса көлік тіркелген, ал 10-20 жыл аралығындағысы шамамен 62 мың. Бұл – барлық автокөліктің 82 пайызы, ал жаңа көліктердің үлесі – небәрі 18 пайыз.
Арман Увалиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы
«Жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертілді. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктерге қатысты жаңа талап енгізіліп отыр. Яғни 10 жылдан 20 жылға дейінгі автомобильдерге 0,7 түзету коэффициенті қолданылады, бұл салық сомасының 30 пайызға азаюын білдіреді. Ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан автомобильдерге 0,5 коэффициенті енгізіледі, яғни салық сомасы 50 пайызға төмендейді. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 5 литр болатын автомобиль үшін салық сомасы 530 525 теңгені құрайды. Егер автокөліктің пайдалану мерзімі 20 жылдан асса, салық мөлшері 50 пайызға азайып, шамамен 260 мың теңге болады.»
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 566-бабына сәйкес, көлік құралдарына салынатын салықты әр азамат өзі есептейді. Ол үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің порталыдағы «Көлік салығын есептеу» сервисі немесе «e-Salyq Azamat» қосымшасын пайдалануға болады.
Жұлдыз Қабылденова