Ауа райының құбылмалы. Құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Аймақтағы ақ түтек боран мен жолдардың жабылуы салдарынан жүздеген жолаушы қар құрсауында қалды.
Өңірде ауа райы тағы да мінез көрсетті. Қарлы боранға байланысты республика маңызы бар жолдарда қозғалыс тоқтатылды. Тәулік ішінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жол бойынан 91 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 11 бала бар. Қар құрсауында қалған жолаушылар арнайы техникамен қауіпсіз жерге жеткізілді. Мәселен, Шідерті кентінде тоқтап қалған 66 жолаушы, оның ішінде 6 бала пойызбен Астана қаласына аман-есен жеткізілді. Ал жылыту пунктінде 140-тан астам адамға ыстық тамақ ұйымдастырылып, алғашқы көмек көрсетілді. Олардың арасында көлігі бұзылып, жолда қалған Өзбекстан Республикасының 10 азаматы да бар. Тәртіп сақшылары 2000-ға жуық автокөлікті колоннамен қауіпсіз аймаққа дейін сүйемелдеп жеткізді. Мамандар тұрғындарға ауа райы тұрақталғанша алыс сапарға шықпауды қатаң ескертеді.
Әйгерім Тоқпанқызы