Павлодар қаласында көшелерді қардан тазарту жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Шаһар жолдарының қауіпсіз әрі таза болуы үшін коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде еңбек етуде. Маусым басталғалы қаладан 800 мың тоннаға жуық қар шығарылған.

Қазір қар тазалау жұмыстарына 250 жұмысшы мен 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Қар қалың жауған күндері мамандар тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын аумақтарды тазалауға 16 жүк көлігі, 8 тиегіш және 40 жұмысшы қатысады.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Сонымен қатар автобус және трамвай аялдамаларындағы отырғызу алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары мұз бен тығыздалған қардан тазартылады. Сондай-ақ жеке сектор аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының аумағы 8 шағын ауданға бөлінген, олардың әрқайсысына қар мен мұзды тазалауға арналған жеке бригада бекітілген. Бір бригаданың құрамына 2 самосвал, 1 тиегіш және 5 жұмысшы кіреді. Тазалау жұмыстарына қатысты өтінімдерді 109 қызметі арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желілерге жолдауға болады.

Көктайғақтың алдын алу үшін жолдардың жүріс бөлігі мен жаяу жүргіншілер жолына арнайы құм-тұз қоспалары себіледі. Сондай-ақ техникалар қарды механикаландырылған түрде күреп, жол жиегінде жиналған қар үйінділерін тазартады.

Сабина Жолдаспаева