14 наурыз – қазақтың көнеден келе жатқан мейрамы – Көрісу күні. Қала мектептері бұл мерекені атап өтуді бастап кетті. Мұзафар Әлімбаев атындағы мектепке өткен шараға әріптесім қатысып қайтты.
Көрісу күні немесе Амал мерекесі — қыстан аман-есен шығып, көктемге қадам басқан ағайынның бір-бірімен көрісіп, хал-жағдай сұрасып, татулық пен достықты нығайту мерекесі. Бұл мейрам Мұзафар Әлімбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі қабырғасында аталып өтті.
Қалыптасқан игі дәстүрге сәйкес, мұндай шаралар қаламыздың мектептері арасында ынтымақтастықты арттыруға арналған. Осы мақсатпен ұйымдастырылған мерекелік кездесуде № 25 жалпы орта білім беру мектебінің ұжымын ұйымдастырушылар, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар құрметпен қарсы алды.
Мерекеге 500-ге жуық оқушы қатысты. Қонақтар үшін арнайы киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылған кең дастархан жайылды. Қос білім ордасының оқушылары мен ұстаздары ән, күй мен биден өнерлерін ортаға салды. Шара балаларға ерекше әсер қалдырды.
Амал мерекесі — игі бастамалардың алғашқысы ғана. Алдағы уақытта мектеп ұжымы наурызнама онкүндігінің аясында түрлі қызықты, тағылымды әрі тәрбиелік мәні мол шараларды ұйымдастыруға ниетті.
Жұлдыз Қабылденова