Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеуге арналған іс-шаралар еліміздің әр өңірінде жалғасуда. Осыған орай Павлодар облыстық Ертіс музейінде «Ұлттық үннің сазы» атты көрме ашылды. Ұлыстың ұлы күнімен астасқан бұл шарада қазақтың дәстүрлі өнерін айшықтайтын құнды жәдігерлер қойылып, шебер Қамар Қасымовтың өз қолымен жасаған ұлттық музыкалық аспаптары көпшілік назарына ұсынылды.
Қамар Қасымов – қазақтың дәстүрлі музыка аспаптарын жасауда өзіндік қолтаңбасы бар шебер, Қазақ КСР-нің мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер. Ол кезінде Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне арнап көптеген ұлттық аспаптарды жасап, қазақ музыкасының дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде музей қорында Павлодар өңірінің көрнекті тұлғалары ұстаған бірегей аспаптар да сақталған.
Бибігүл Құдабаева, Павлодар облыстық өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы
Көрмеде Мағауия Әбікейдің домбырасы, Құдайберген Әлсейітовтің домбырасы және Қамар Қасымовтың жеке заттары ұсынылды. Бұл «Ұлттық үннің сазы» атты көрме – халқымыздың рухани болмысын, ұлттық өнердің құндылығын танытатын маңызды шара. Бұл көрме қазақ музыкалық аспаптарын жасау өнерін жоғары деңгейге көтеруге, жас шеберлер мен шәкірттерге қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, шебер Қамар Қасымовтың еңбегін ұлықтап, оның өнер жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – ұлттық үнді сақтау, дәстүрді жалғастыру және оны болашақ ұрпаққа жеткізу деп ойлаймын.
Көрмеде қазақтың бай музыкалық мұрасын танытатын жиналмалы домбыра, жетіген, қобыз, дауылпаз секілді ұлттық аспаптар да қойылған. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған бұл көрме – ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісі. Көнеден жеткен күй мен саздың үні осылайша жаңғырып, жас ұрпақтың жүрегіне жол табуда.
Дильназ Қуанышбекқызы