Қазақстан байрағы әлемдегі ең үздік мемлекеттік ту деп танылды. Reddit платформасында Flags of the World атты ауқымды онлайн-турнир аяқталды. Интернет қолданушыларының дауыс беру нәтижесі бойынша Қазақстанның туы бірінші орын алды, делінген ақпаратта.
Reddit-тегі r/flags атты тақырыптық қауымдастықта ресми түрде танылған барлық мемлекеттердің тулары арасынан ең үздігі таңдалды. Финалда Қазақстанның көк байрағы Океаниядағы Кирибати мемлекетінің туын басып озды. Топ төртікке сондай-ақ Кирибати, Бутан және Сейшел аралдары кірді. Сонымен қатар Reddit платформасында тағы бір байқау басталды — пайдаланушылар әлемдегі ең үздік елтаңбаны таңдауда. Қазақстан 26-топқа түсті. Бұл топта Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Пәкістан және Мальдив аралдары кірді. Платформа қолданушылары әлем елдерінің арасынан ең әдемі мемлекеттік елтаңбаны анықтау үшін дауыс беруді жалғастырып жатыр.