Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту барысындағы өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиында сараптама жүргізу тәртібі, құжат рәсімдеу кезеңдері, сондай-ақ жүйедегі түйткілді тұстар сөз болды.
Өңірде бүгінде 30075 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың 25 903-і – ересектер болса, 4 172-сі – балалар. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда артып отыр.
Айгүл Мұқышева, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
Мүгедектік тобын тағайындау үшін әрбір емханада арнайы дәрігерлік-консультациялық комиссия жұмыс істейді. Әр азаматтың өтініші жеке қаралып, қажетті медициналық құжаттар жинақталады. Кейін барлық материалдар сырттай форматтағы сараптамалық комиссияға жолданып, түпкілікті шешім сол жерде қабылданады. Былтырдан бастап Ақмола және Павлодар облыстарында пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жүйе арқылы мүгедектікті белгілеу үдерісі орталықтандырылып, ашық әрі жедел форматқа көшірілді. Павлодар қаласында осы жобаға үш емхана қатысып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері нақты мысалдар арқылы тұрғындардың қандай қиындықтарға тап болатынын атап өтті. Олардың қатарында медициналық ұйымдардан жолдама алу, құжаттарды ұзақ уақыт жинау, сараптама мерзімдерінің созылуы сияқты мәселелер бар.
Болат Аманбаев, Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі
Жақында Лебяжі ауданынан тұрғын хабарласты. Жүрекке жасалған операциядан кейін қозғалысы шектелгеніне қарамастан, оған медициналық мекеме сараптамаға жолдама бермеген. Мұндай жағдайлар аз емес.
Жиын барысында жауапты мемлекеттік органдар көтерілген мәселелерді назарға алып, әрбір жағдайды жеке қарастыруға уәде берді. Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру, цифрландыруды күшейту және азаматтарға қолжетімділікті арттыру бағытында нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
Дильназ Қуанышбекқызы