Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Павлодар облысының халқымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар алғашқы медициналық санитарлық көмек, скрининг, онкологиялық сырқатты диагностикалау және емдеу бойынша сұрақтарын қойып, жеке жағдайлар бойынша кеңес алды.

Алдымен, еліміздің бас дәрігері медицина саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер, жетістіктер туралы қысқа баяндама ұсынды.

Елімізде 20 млн халықтың 13 млн сақтандырылған. Өткен жылы ел бойынша 600 медициналық нысан қолданысқа берілді. Бұл жай ғана цифр емес, бұл медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстардың бергі жағы ғана. Әлбетте қордаланған сұрақтар жетерлік. Осы ретте министр келесі жылдары өңірде атқарылатын жобалармен бөлісті.

Ақмарал Әлназарова, ҚР денсаулық сақтау министрі

Алдымен Ақсу қаласының ауруханасына жөндеуге қаражаттың биыл бөлінгенін қадағалайтын боламыз. Облыстық балалар ауруханасына қосымша ғимарат салу, оған 15 млрд теңгедей бөлінетін болады. 2027 жылы республикалық бюджетте бұл жоба орын табады ден сенемін. Осылайша биыл жергілікті бюджеттен аталмыш жоба басталып, кейін республикамен жалғасады. Үшінші жоба қалалық аурухана. Бірінші кезеңде онда жақсы жұмыстар жүргізілді, екінші кезеңге 6.8 млрд теңге қаражат қажет. Сұрақты бақылауға алдық.

Кездесудің келесі бөлігінде өңір тұрғындары министрге сұрақтарын қойды. Алғашқы сұрақ, Онконауқастар үшін диагностикалаудың тәсілі пэт кт аппаратының біздің өңірде жоқтығы туралы болды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР денсаулық сақтау министрі

Біз бұл сұрақты кезең кезеңімен шешіп келеміз. Өткен жылдың соңында 2 пэт кт өңірлерге орнаттық. Көбісі Астана, Алматы қалаларында. Биыл тағы пэт кт келеді . Негізі мәселе - тарифтердің болмауы. Енді оларды бекітіп жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта сұрақ шешілетін болады.

Бұдан бөлек, облыстық балалар ауруханасындағы рентген аппараттардың істен шығуы да ата-аналарды алаңдатып отыр. Себебі, емдеу шараларын бастап кетуде алдымен диагностикалық шаралар маңызды. Ағымдағы сұрақтармен қатар, кездесуге келгендер алғыстарын да білдіріп жатты.

Жалпы, Ақмарал Әлназаровамен кездесуге келген өңір тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Бұдан бөлек, министр жеке қабылдау жүргізді.

Самал Қалиқызы