Қазақстан Кубогының 1/8 финалындағы матчта павлодарлық «Ертіс» өз алаңында петропавлдық «Қызыл-Жар» командасын қабылдады. Толығырақ келесі сюжетте.
Ел кубогының 1/16 финалында павлодарлықтар «SD Family» командасымен ойнауы тиіс еді. Алайда елордалық ұжым жарыстан бас тартты.
Ал 1/8 финалдағы қарсылас — петропавлдық «Қызыл-Жар» командасымен «Ертіс» бұған дейін үшінші турда сырт алаңда кездесіп, ол матч 2:2 есебімен тең аяқталған.
Есептік кездесуде 23-минутта қонақтар есеп ашты — Демият Сламбеков көзге түсті.
7 минуттан кейін стандартты жағдайды орындау барысында Данила Нечаевтың пасынан кейін Мирас Тұрлыбек допты қонақтар қақпасына енгізді.
Алайда солтүстікқазақстандықтар қайтадан алға шықты — 60-минутта Пламен Галабов гол соқты. Осылайша «Ертіс» 1:2 есебімен жеңіліп, Қазақстан Кубогы жарысынан шығып қалды.
Орталық стадионның алаңы жөндеуде болғандықтан, павлодарлықтар келесі үш үй ойынын Астанада өткізеді.