Жаз келіп, күн жылыған соң балалар демалысқа шығады, көптеген адам еңбек демалысын да дәл осы кезеңге жоспарлайды. Сондықтан жазғы демалысты сәтті өткізу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Төтенше жағдайлар департаменті мен жедел жәрдем қызметінің мамандары осыны еске салады.
Қазір облыс аумағында шомылуға арналған 45 ресми орын белгіленген. Оның 29-ы –коммуналдық, 16-сы – жеке меншікте. Шомылу маусымына дайындық барысында қауіпсіздік мәселесіне аса көңіл бөлінуде.
Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары
«Шомылу маусымына дайындық барысында бізде 18 баннер ілінген ескерту мағынасымен және 244 рұқсат етілмеген жерде белгілер қойылған. Шомылу маусымының алдына бізге келеді. Біздікілер судың астын зерттейді, қарайды, тазалығын содан кейін барып рұқсат беріледі.»
Су айдындарында қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін биыл 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар бар. Сондай-ақ Екібастұз қаласында бір адам суға кетіп қайтыс болған. Осындай қайғылы жағдайларды алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтаумен қатар, қиын жағдайдағы адамға көмек көрсетуге де дайын болған жөн.
Алмагүл Бесембинова, Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі
«Егер суға кету жағдайына куә болсаңыз, жүзе білетініңізге сенімді болған жағдайда зардап шеккен адамды судан шығарыңыз. Оны қауіпсіз жерге алып шыққаннан кейін жағдайын тексеріңіз: есін біле ме, тамыр соғыс бар ма, тыныс алып жатыр ма – соны анықтаңыз. Егер адам ес-түссіз, бірақ тыныс алуы сақталған болса, оны сол жақ бүйіріне жатқызу керек. Осыдан кейін бірден 103 нөміріне – жедел жәрден қызметіне хабарласыңыз. Қазір 103 қызметінде «қоңырауды ұстап тұру» функциясы бар. Бірдің диспетчерлер арнайы оқудан өткен. Жедел жәрдем жеткенше олар куәгерлерге алғашқы көмекті қалай көрсету керек екенін телефон арқылы түсіндіреді. Егер науқастың тыныс алуы болмай, есін де жоғалтқан болса, дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек. Яғни жедел жәрдем келгенше, 2 рет жасанды тыныс беру және 30 компрессия жасау. Қалай болғанда да, кез келген жағдайда, алдымен 103 қызметіне хабарласу керек»
Балалардың суға түсу кезіндегі қауіпсіздігі – ерекше назарда. Оларға жүзуді және түрлі төтенше жағдайда өзін қауіпсіз ұстауды үйретуге арналған шаралар өткізіледі.
Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары
«Әр аптада жұма күні сағат 10-нан 11-ге дейін Ertis promenade аумағында біздің қызметкерлермен балалармен және ата-аналармен қауіпсіздік шаралары бойынша интерактивтік ойындар өткізілетін болады. Ол жерде балалрдың шомылу кезінде қандай қауіпсіздік ережесін сақтау керек, өрт кезінде қандай қауіпсіздік ережесін сақтау керек – сол үйретілетін болады. Одан басқа бізде «Жас құтқарушы» кружоктары өткізілуде. Қазіргі таңда бізде 20-ден астам жас құтқарушы кружоктары бар.»
Мектеп жанындағы лагерьлерде 123 каркас-модульді бассейн орнатылып, оқушыларға, оның ішінде осал санаттағы балаларға тегін жүзуді үйрету жұмысы жүргізілуде. Былтыр 6 100 бала жүзуді меңгерді, биыл бұл бағыттағы іс-шаралар жоспарлы түрде жалғасуда.
Жұлдыз Қабылденова