Павлодар қаласындағы №44 сәбилер бақшасының базасында бүлдіршіндерге арналған «Балауса» атты облыстық олимпиада ұйымдастырылды. Аталған сайыста мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің балалары өздерінің зияткерлік деңгейін, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты көрсетті.

Былтыр пилоттық режимде өткізілген «Балауса» облыстық олимпиадасы биыл кең ауқымда ұйымдастырылды. Биылғы сайысқа мектеп жасына дейінгі 60 бала қатысып, өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік алды.

Азамат Шаймұрат, «Ертіс дарыны» аймақтық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы

 «Жалпы бұл олимпиданың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының білімін анықтау, олардың олимпиадаға деген қызығушылықтарын ояту – осы мақсатта. Байқасаңыздар, жалпы бұл «Балауса» олимпиадасы подстанциялардан тұратын олимпиада, яғни аялдамалар дейміз. Бұл жерде бірнеше аялдама орын алады – интеллектуалдық, шығармашылық, одан кейін тәрбиелік мәндегі аялдамалар. Жалпы аялдамаларды балалр команда—команда болып, жаңағы біртіндеп айналып шығады.»

Олимпиадаға облыстың 3 қаласы мен 10 ауданынан келген бүлдіршіндер қатысты. Олар – мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен білім ордаларындағы мектепалды топтардың тәрбиеленушілері. Қатысушылар есеп шығарып, логикалық тапсырмалар орындап, өнерлерін ортаға салды.

Асылым Манар, олимпиада қатысушысы

«Біз қыздармен биледік, билеген ұнады. Сосын анда тапсырмалар күшті болды. Бәрі ұнады!»

Тимофей Лысенко, олимпиада қатысушысы

 «Біз Железин ауданынан келдік. Тапсырмаларды орындап, би билеп, тақпақтар айттық. Алда бізді ертегі қойылымы күтіп тұр. «Маған «с» әрпінен басталатын сөздерді табатын тапсырма ұнады»

Олимпиада қорытындысы бойынша үздік атанған үш топ дипломдармен марапатталады. Сонымен қатар, басқа қатысушылар да назардан тыс қалмайды. Барлық балаға арнайы сый-сияпаттар табысталады.

Жұлдыз Қабылденова