Павлодар облысы киелі орындарға бай. Солардың бірі Аққулы ауданындағы Мерғалым ауылында орналасқан кесене. Емшілік қасиетімен елге танылған Мерғалым Мұхтариханұлы Қабдуллиннің есімі бұл өңірде ерекше құрметке ие. Бүгінде мұнда тек ауыл тұрғындары ғана емес, еліміздің әр өңірінен келетін зиярат етушілер саны мол.

Мерғалым ата көзі тірісінде талай жанның дертіне дауа болғаны жайлы ел ішінде кеңінен айтылады. Жергілікті халық оның ерекше қасиеті бала кезінен байқалғанын жеткізеді. Көмек сұрап келген жандарға шипа беріп, көпшіліктің алғысына бөленген. Сондықтан бұл орын уақыт өте келе рухани мекенге айналған.

Маржан Мерғалымқызы, Мерғалым Қабдуллиннің қызы

Өзім 57 жылғымын, әкемнің үлкен қызы. Одан кейін Қаршыға және бауырларым болды. Екі бауырым дүниеден өтіп кетті. Менің білетінім атам мен әжемнің айтуларынша әкеме осындай сынықшылық дамығаны нағашы жағынан берілген. Солай естиміз.

Кесене аумағында зиярат етушілерге барлық жағдай жасалған. Арнайы демалатын орындар қарастырылып, келген қонақтарға ас беріп, шай ішуге мүмкіндік бар. Бұл істің басында ата ұрпақтары жүр. Олар келушілерді қарсы алып, қасиетті орынның тарихымен таныстырады.

Шолпан Қабдуллина, Мерғалым Қабдуллиннің келіні

Далада ас үй бөлмесі бар. 4 қазан бар. Келген кісілер қойларын сойып, еттерін асып, отыруға болады. Зиярат етіп келеді.

Аққулы ауданындағы Мерғалым ата кесенесі тарихы мен тағылымы қатар өрілген киелі мекен. Рухани тыныштық іздеген жандар үшін бұл орынның маңызы зор.

Ал Мерғалым ауылының тыныс-тіршілігі мен бұл жердің ерекшелігі туралы толығырақ 5 мамыр күні сағат 19:20-да эфирге шығатын Саяхат бағдарламасынан көре аласыздар.

Сабина Жолдаспаева