Павлодар қаласындағы №6 жалпы орта білім беру мектебінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған кездесу өтті. Шараның мақсаты жастардың білім алуына, кәсіби бағыт таңдауына және болашақта жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.
Кездесу барысында оқу орындарына түсу тәртібі, кәсіби білім беру мүмкіндіктері және еңбек нарығына бейімделу жолдары кеңінен түсіндірілді. Мамандар қатысушыларға жеке кеңес беріп, әр отбасының сұрақтарына нақты жауап берді.
Света Абдраманова, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты
Біз ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқитын барлық колледждерді аралап жүрміз. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен, жағдайларымен, балалардың қандай мамандықтар бойынша білім алып жатқанымен таныстық. Бұған дейін 15-мектепте болдық, ал қазір екінші мектепте кездесу өткізіп отырмыз. Жобаның мақсаты – осы санаттағы балалардың барынша толық білім алып, кәсіби мамандық игеруіне жағдай жасау. Алдағы аптада мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлерді шақыра отырып, ауқымды жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсат – барлық балалардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау. Әрине, шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар, оларды талқылаймыз. Барлық жерде балалардың еңбекке араласуына қажетті жағдай жасалған-жасалмағанын қарап шығуымыз керек. негізгі мақсатымыз балаларды қоғамға бейімдеу, әлеуметтендіру. Олар білім алып, мамандық иесі болуы тиіс. Бұл – ұзақмерзімді жоба. Біз бұл бастаманы барынша жүзеге асырып, балаларға қолдау көрсете аламыз деп ойлаймын.
Сонымен қатар, ерекше балалардың қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімделуі бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Айгүл Жүсіпова, Павлодар қаласы №6 ЖОББ мектебінің логопеді, дефектолог
2018 жылы «Болашақ» қорының пилоттық бағдарламасы аясында біздің мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Біз оны ресурстық кабинет деп атаймыз. Бастапқыда аутизм спектрі бұзылысы және басқа да психикалық ерекшеліктері бар 9 бала болған еді. Қазіргі таңда олардың саны 19-ға жетті. Кабинет үш аймаққа бөлінген. Біріншісі – оқу аймағы, онда балалар бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін парта орындары арнайы ұйымдастырылған. Сондай-ақ сыртқы дыбыстардан алаңдамауы үшін құлаққаптар қарастырылған. Екіншісі – психологиялық демалыс аймағы, үшіншісі – ойын аймағы.
Шара «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы мен «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында ұйымдастырылды. Аталған бастамалар қоғамның барлық санатындағы азаматтарға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.
Сабина Жолдаспаева