Павлодарда батуттағы гимнастика мен спорттық акробатикадан 15-ші халықаралық «Иртышские зОри» турнирі басталды. Байрақты бәсекеге әлемнің түрлі елінен келген спортшылар қатысуда. Жарыс туралы толығырақ әріптесім баяндайды.
Кілем үстінде – Оңтүстік Африка Республикасынан келген жас акробат қыздар. Олар үшін Павлодардағы турнир алғашқы халықаралық жарыс болып отыр. Спортшыларды қолдау үшін олардың отбасы мүшелері бірге келген. Жаттықтырушыларының айтуынша, бұл турнирге қатысу қыздар үшін баға жетпес тәжірибе болмақ.
Дмитрий Демьяненко, оңтүстік Африка республикасы ұлттық құрамасының жаттықтырушысы
Бүгін менімен бірге екі санат бойынша өнер көрсететін спортшылар келді, олар – қыздар арасындағы үштік пен жұптық топтар. Біз бұл жарысқа жас спортшылар ретінде қатысып отырмыз. Олар әлі тәжірибе жинап, шеберліктерін шыңдап келеді. Қазақстанды акробатиканы дамытуға үлкен мүмкіндік беретін тамаша алаң деп есептеймін. Оңтүстік Африка Республикасында акробатика әзірге танымал спорт түрлерінің қатарына жатпайды. Дегенмен оның дамуына күш салып, спортшылар санын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Аталған турнирге Оңтүстік Африкадан бөлек Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген спортшылар да қатысуда. Биылғы додаға 300 акробат жиналды. Олардың қатарында халықаралық аренада алғаш рет бақ сынап жатқан спортшылармен қатар, мұндай деңгейдегі жарыстарда шыңдалған тәжірибелі акробаттар да бар.
Варвара Пинигина, акробат (верхняя пышма, Ресей)
Мен спорттық акробатикамен 7 жылдан бері айналысамын. Бұл спортта маған ең ұнайтыны – командалық жұмыс пен ұжымдық рух. Бәсекелестік өте жоғары, бірақ біз барымызды салып, жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Алғашқы жаттығу сәтті өтті. Енді жүлделі орыннан көрінуге бар күшімізді саламыз.
Турнир 21 маусымға дейін жалғасады. Оған дейін әртүрлі жас санаты бойынша ең мықты акробаттар анықталады.
Жұлдыз Қабылденова