Төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – маңызды міндет. Осы орайда, Үштерек мектебі жанындағы жазғы лагерінде этнофестиваль өтті. Шара барысы туралы келесі сюжеттен көріңіздер.


Үштерек мектебі жанындағы жазғы лагерьдің алғашқы маусымы мәресіне жетті. Жабылу салтанатына орай мектепте ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі» фестивалі ұйымдастырылды.

Мақсатхан Жекебай, үштерек орта мектебі жазғы лагерінің тәрбиешісі

 «Ауыл мектебі» және «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» негізінде үш бағытта жұмыс жасадық. Онда – мектеп, ата-ана және оқушылар. Үйлесімді үш бағытты қамтып отырып, балаларға ұлттық құндылықтарды насихаттау, патриоттық тәрбие беру. Екі апта бойы дәл осы алған әртүрлі бағыттағы өнерін және мақал-мәтелдер бойынша алған білімдерін, қазақтың батырларын, салт-дәстүрлерді және құндылықтарды насихаттау барысында бүгінгі шараны ұйымдастырып жатырмыз. 

Мерекелік шара ән, би және флешмобпен басталып, әрі қарай арнайы ұйымдастырылған 4 танымдық секцияда жалғасын тапты. Онда балалар қолөнер бұйымдарымен, ат әбзелдерімен және ұлттық тағам түрлерімен жақынырақ танысып, шеберлік сағаттарына қатысты және жобаларын қорғады.

Мәрия Ахай, үштерек орта мектебі шағын орталығының тәрбиешісі

Біздің көрсетіп отырған мастер-класымыз – қымыздың жасалу жолдары, құрттық жасалу жолдары. Қымыздың балаларға қалай жасалу жолын түсіндіреміз. Биені сауып, мынау – күпі, күпіге құйылған саумалды, биенің сүтін саумал деп айтады, соны мына піспекпен піседі. Сосын қымыз дайын болады. Құрттың да түрлері болады: құртты қайнатады, ашты құрт, тәтті құрт, құртты алақан арасына салып сықпа құрт, домалатып домалақ құрт, тәтті құрт, ашты құрт, тұзды құрт – құрттың түрлерін балаларға таныстыру – біздің мақсатымыз, міндетіміз.

Айша Хадыс, үштерек орта мектебінің 4-сынып оқушысы

Бауырсақтар әр өңірде әртүрлі жасалынады. Мысалы, үлкен домалақ, ішінде қамыры мол, сыртқы түсі аппақ бауырсақтар пісіріледі. Олардан кішірек жақсылап қуырылған, қып-қызыл өріктей сары бауырсақтар, кіп-кішкентай. Шибауырсақтар, төртбұрышты, жалпақ бауырсақтар т.б. түрлі бауырсақтар кездеседі.

Фестиваль аясында оқушылар мәдени мұрамен танысып қана қоймай, қызықты ұлттық ойындар ойнады. Шараға көршілес 4 мектептің жанындағы жазғы лагерьлердің тәрбиеленушілері де келіп, барлығы 100-ге жуық бала жиналды.

Ислам Жекебай, үштерек орта мектебінің 8-сынып оқушысы

Үштерек мектебінің оқушылары болып, біз шатырлы этно-мәдени лагерінде демалып жатырмыз. Мұнда уақыт көңілді әрі қызықты өтуде. Қызықты ойындар мен салт-дәстүрлерімізді танып, қазақ халқының мәдениетімен және тарихы туралы көптеген мәліметтер алдық. Осындай демалыс орындарын ұйымдастырған ұстаздарымыз бен тәрбиешілерімізге алғысымызды білдіреміз.

Бұл шара балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ, бірлескен ойындар мен жобалар арқылы оқушылар арасындағы достық қарым-қатынас бекіп, мектептер арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсті.


Жұлдыз Қабылденова