Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жылдамдықтарын сынап сайысты. Құтқарушылар толық жауынгерлік киім киіп 17-қабатқа дейін іркілмей көтерілді. Байқауға облыстың әр өңірінен келген өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Жарыстың мақсаты газ-түтіннен қорғау қызметі жеке құрамының жауынгерлік дайындығын шыңдау. Сайысқа барлығы 19 команда қатысты. Әр команда үш қызметкерден құралды. Олар белгіленген қашықтықты барынша жылдам еңсеріп, өрт-техникалық құралдарды дұрыс пайдалану және жабдықтарды талапқа сай кию бойынша сыннан өтті.
Руслан Байтасов, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасы басшысының орынбасары
Бұл жарыс барысында қатысушылардың жіберген қателіктері де ескеріледі. Ең алдымен, төтенше жағдай кезінде адамдарды құтқаруға қажетті жеке құрамның төзімділігі мен физикалық дайындығы бағаланады. Бақылау тексерісі старт кезінде басталып, мәре сызығына дейін жалғасады. Әр қабатта төрешілер бақылау жүргізіп тұрды. Команда мүшелері бір-бірінен қалмай, межеге бірге жетуі тиіс. Осындай жарыс биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда. Қатысушылар толық жабдықпен 17-қабатқа шамамен 10 минут ішінде көтерілуі қажет.
Құтқарушылар кез келген уақытта төтенше жағдайға дайын болуы керек. Сондықтан олар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да мықты болуы қажет. Мұндай жаттығулар қызметкерлердің шыдамдылығын арттырып, қиын жағдайда жылдам әрі үйлесімді әрекет етуге бейімдейді.
Дмитрий Дровалев, Ақсу қаласы №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі
Осындай жарыстарға қатысуға мүмкіндік берген басшылыққа алғысымды білдіремін. Біздің команда жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Әріптестеріміз бізбен мақтанады деп сенемін. Жауынгерлік рухымыз жоғары болды. Қашықтықты шамамен бес минуттың ішінде бағындырдық. Мұндай сәтте ең маңыздысы – командалық рухты сақтау. Бір-бірімізді қолдап, жігерлендіріп отырдық. Команда ешқашан берілмей, тек алға ұмтылуы керек.
Мұндай жарыстар құтқарушылардың кәсіби деңгейін арттырып, олардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді. Қатысушылар үшін бұл тек спорттық дода емес, күн сайын адам өмірін арашалап жүрген мамандардың шынайы дайындығын көрсететін маңызды сынақ болды.
Сабина Жолдаспаева