Негізгі Жаңалықтар Құтқару қызметіне арналған алаң

Құтқару қызметіне арналған алаң

Өрт кезінде құтқарушылардың жедел әрекет етуі көп жағдайда арнайы техниканың оқиға орнына кедергісіз жетуіне байланысты. Сондықтан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында өрт сөндіру көліктеріне арналған арнайы алаңдардың болуы маңызды. Павлодарда осындай алаңдардың бірі тексерілді.


Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы орын белгіленді. Алаңның аумағына тиісті жол таңбалары мен белгілері орнатылған. Бұл аумақтың бос тұруы төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Оразбек Уәлиханов, Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы

Қала әкімдігі және көп пәтерлі үйлердің иелерінің ұсынысы бойынша осы тұрғын үйде, осы алаңда орнатылды. Айта кететін жайт, бұл тұрғын үйлерге енгізілудің себебі жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерге қарастырылған. Осындай алаңның қойған себебіміз өрт сөндіру техникасы өрт туындаған жағдайда, орны бос болып, сол мезетте келіп, техниканы қойып, тұрғындарымызға жедел құтқару үшін қойылды.

Арнайы алаңның белгіленуі өрт сөндіру көліктерінің тұрғын үйге жақын орналасуына жағдай жасайды. Ал бұл өртті ауыздықтау және адамдарды құтқару кезінде уақыт жоғалтпауға көмектеседі.

Рустамбек Амрин, Павлодар облысы ТЖД бастығы

Бұл жерде арнайы жарық шағылыстыратын таңбалар мен жол белгілері орнатылған. «Тоқтауға тыйым салынады» деген белгі де бар. Тексеру барысында алаңның өрт сөндіру техникасын кедергісіз орналастыруға мүмкіндік беретініне көз жеткіздік. Осылайша, өрт сөндірушілер келген кезде аумақты тазартуға немесе басқа көліктерді эвакуациялауға уақыт жоғалтпайды. Бұл тыйым салу немесе айыппұл салу үшін жасалып отырған жоқ. Ең басты мақсат адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.


Сабина Жолдаспаева






Бөлісу