Екібастұз қаласындағы «Шахтёр» саябағын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Толықтай жаңарған демалыс орны биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Алайда қала тұрғындары абаттандырылған аумақтың алғашқы бөлігін маусым айынан бастап тамашалай алады. Толығырақ алдағы сюжетте.
Саябақты жаңарту жұмыстары ауқымды жобаға айналды. Қоғамдық кеңістік іс жүзінде қайта жасақталуда. Жоба аясында аумақты абаттандырумен қатар, барлық жастағы тұрғындарға арналған заманауи демалыс орны қалыптастыру көзделген. Мұнда концерттік алаң, мұз айдыны мен роллердром, скейт-парк, workout және баскетбол алаңдары, сондай-ақ балаларға арналған ойын аймақтары салынады. Жас жұбайлар мен түлектер алаңы, бақылау алаңы бар төбе, құрғақ субұрқақтар және ит серуендетуге арналған арнайы орын қарастырылған. Саябақты жаңарту жобасы 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласына жасаған жұмыс сапарынан кейін қолға алынған. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жобаның ұзаққа созылуына автосуару жүйесіне қажетті инженерлік желілерді тарту жұмыстары себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, барлық жұмыс жасыл желекті бүлдірмей жүргізілген. Толық жаңарған саябақты күз мезгілінде ашу жоспарланып отыр.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Тұрғындар суық түспей тұрып саябақта серуендеп, демала алады деп сенеміз. Мұнда түрлі алаңдар, сахна және қалалық іс-шаралар өткізуге арналған атриумдар болады. Себебі мерекелік күндері сахна мен LED-экрандарды бір жерден екінші жерге тасымалдау қиын.
Маусым айында тұрғындар үшін жаңартылған жасыл аймақтың бір бөлігі мен жаңа үлкен сахна ашылады. Аумағы шамамен 26 мың гектарды құрайтын «Шахтёр» саябағы облыстағы ең ірі демалыс орындарының бірі саналады. Ауқымды жаңғырту жобасына 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сабина Жолдаспаева