Павлодарда «Жұлдыз болғым келеді» жобасының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Байқауға 6 мен 18 жас аралығындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, өнерлерін ортаға салды. Биыл жоба би бағыты бойынша ұйымдастырылып, жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашуда.

Өнер — жүректегі арманды оятатын ерекше әлем. Ал сахна — сол арманға бастар алғашқы баспалдақ. Павлодардағы іріктеу кезеңіне жиналған балалар дәл осы мүмкіндікке бір қадам жақындай түсті.«Жұлдыз болғым келеді» жобасы алғаш рет өткен жылы вокал бағыты бойынша ұйымдастырылған болатын. Игі бастама «Ел Үміті» корпоративтік қоры мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен жүзеге асқан. Биыл жоба ауқымы кеңейіп, би өнеріне арналған.

Алексей Лодочников, «Жұлдыз болғым келеді» жобасының авторы

Жұлдыз болғым келеді жобасының екінші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз. Өткен жылы вокал бағытында өткізсек. Осы жылы би бағытында өткізіп жатырмыз. Өткен жылы еліміз бойынша 170 бала осы жобаға қатысса биыл осы жобаға 800ге жуық бала қатысып жатыр. «Жұлдыз болғым келеді» жобасы тек Қазақстандағы балаллар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған еліміздегі алғашқы жоба. Мұндай жоба елімізде мүлдем жоқ. Жалпы 29-30 қазан күндері күні астана қаласында финал өтеді. Барлық аймақтан 130-ға жуық бала келіп ақтық сынға қатысады.

Жоба жеңімпаздарын қомақты сыйлық қоры күтіп тұр. Өткен жылы бас жүлделердің бірі — Дубайға жолдама болса, биыл қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталады. Бас жүлде — 2 миллион теңге. Бірінші орын — 1 жарым миллион, екінші орын — 1 миллион, үшінші орын — 700 мың теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қаражат арнайы депозитке салынып, балалар оны 18 жасқа толғанда пайдалана алады.

Артур Шкребец, Кенжекөл отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі

Менің бимен айналысып жүргеніме төрт жыл болды. Маған би өте ұнайды және мен билегенде ерекше күй кешемін. біз жарыста топ болып өнер көрсетеміз. Біз екі би дайындап келдік. Ол брэктанс пен ұлттық би.

Байқау қатысушылары үшін бұл жай ғана өнер көрсету емес. Бұл — өздерін дәлелдеуге, армандарына сенуге мүмкіндік. Сахна сыртындағы қобалжу мен қуаныш әр баланың жүзінен анық байқалады.

Милена Лиер, облыстық балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі

Біз 7 адам болып келдік. Бірінші қазақ биін билеп өнер көрсетеміз. 2 кезеңге өтеміз деген ниеттеміз. Және республикалық сахнада өнер көрсетеміз деп үміттенеміз. Әрине қазіргі сәттегі эмоциямызды айтып жеткізу мүмкін емес.

Жобаның басты мақсаты — балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсету, олардың бойындағы талантты ашып, өз күшіне деген сенімін арттыру. Өнер арқылы өмірге жаңа қадам жасаған жас таланттар үшін бұл жоба — үлкен үміт пен жарқын болашаққа бастар жол.

Дильназ Қуанышбекқызы