«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Павлодар өңіріндегі Розовка мектебінде ерекше жоба жүзеге асты. Мектеп ұстаздары мен оқушылары қолданыстан шыққан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, табиғатты қорғауға үндейтін символикалық стелла жасады.

Бір қарағанда жарамсыз болып көрінетін пластик, темір және тұрмыстық бұйым қалдықтары оқушылардың қиялы мен еңбегінің арқасында жаңа сипатқа ие болған. Ерекше композицияны жасауға 8-9 сынып оқушылары бір айға жуық уақыт жұмсаған. Әр бөлшегі ұқыптылықпен құрастырылған туынды табиғатқа жанашырлықтың белгісіндей әсер қалдырады. Жоба авторлары — Мұхаметжан Арсен мен Нұртай Аяна. Ал бастамаға бағыт-бағдар берген жетекшілері — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяулым Дәлелқызы.

Аяулым Шерияздан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таза акция аясында біз осындай ерекше дүние ойлап қолдан жасадық. Мұған 8-9 сынып оқушылары қатысты. Бұл идеяны бізге ұсынған Нұржанов Жанат Серікович. Жұмыс барысында олар өз идеяларын ұсынған болатын. Барлығымыз ат салысып, басқа мұғалімдер де өз ұсыныстарын да білдірді. Барлығымыз бірігіп осындай ерекше дүние жасап шығардық.

Жоба барысында оқушылар тек шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қойған жоқ. Олар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын да терең түсінгендерін айтады. Ескі затқа жаңа өмір сыйлау — балалар үшін қызықты тәжірибеге айналған.

Аяна Нұртай, 8-сынып оқушысы

Мен өте қатты қуандым. Себебі біз қайта жасап жатырмыз қалдықтардан. Сондықтан мен өте үлкен үлесімді қосқан сияқты сезім болды менде. Қалдықтарды өте көп қолданып оларды жойып жіберіп деген сияқты жоспарлар жасағым келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты аялауға тәрбиелейді. Ал қарапайым қалдықтан жасалған бұл стелла — тазалық пен жауапкершіліктің, ортақ еңбектің жарқын символына айналды.

Дильназ Қуанышбекқызы