18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Ертіс» мультимедиялық музейінде «Музей түні» ұйымдастырылды. Дәстүрлі шара биыл «Уақыттың бұзылуы» деген атаумен өтті. Шара аясында келушілерге экскурсиялар ұйымдастырылып, театрландырылған көріністер және өзге де қызықты бағдарламалар ұсынылды.
«Музей түні» шарасы аясында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше бағдарлама әзірленді. Келушілерді кіреберістен бастап-ақ түркі мифологиясының тылсым кейіпкерлері мен ежелгі дәуір адамдары қарсы алып, жұртшылықты бірден тарих қойнауына жетеледі. Кеш барысында көрермен назарына көне археологиялық жәдігерлер ұсынылып, ежелгі өркениеттер мен тарихи тұлғалар туралы құнды деректер айтылды.
Аянат Жасұланқызы, «Ертіс» мультимедиялық музейі ежелгі археология бөлімінің экскурсия жүргізушісі
Әр залдарда өздерінің экспонаттары бар және де экспонаттар тіріледі. Бұл бізде «Уақыт үзілісі» деп аталады бүгінгі экскурсия. Біздің музейде тағы да театралды экскурсиялар жүргізіледі. Барлық экспонаттар тіріліп, сіздермен бірге сөйледі және де екінші қабатта VR-зоналар және далада балаларға арналған ярмаркалар бар. Музейдің ішінде де ярмаркалар ұсынылған.
Келушілер қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалап, арнайы фотозоналарда естелік суретке түсті және жанды дауыстағы әуезді музыка тыңдады. Осылайша, тарих әлеміне саяхат жасады. Ұйымдастырылған ауқымды бағдарлама қонақтардың көңілінен шықты.
Айсана Өскенбай, Балжан Сейтқұлова, Павлодар қаласының тұрғындары
«Құрбыммен бірге мұражайға келдік. Бұл мұражайда өте көрікті және алғашқы заманның әдемісін, выставкаларын көрдік. Сақ патшаймы Томирис туралы көп ақпарат білдік. Бізге өте ұнады. Тағы да клееміз мұнда.»
Ал Қытайдан келген студент Шаньшань бұл шара қазақ халқының мәдениеті мен тарихы туралы жаңа деректерді білуге көмегін тигізгенін айтады.
Шаньшань, студент
«Маған бәрінен де әртүрлі рөлдерді сомдаған кейіпкерлер ұнады. Бұл маған қазақ жерінің тарихы туралы білуге көмектесті. Мен үшін кештің ең қызықты бөлігі осы болды. Мен қазақ мәдениеті туралы жаңа дүниелерді үйрендім. Мұнда дәстүрлі киімдерді көрдім. Бұған дейін қазақтың ұлттық киімдерін аздап көрген болсам, бұл жерде бұрынғыдан да көп тамашалау мүмкіндігі туды. Менің ойымша, бұл — шетелдіктерге қазақ мәдениетін танудың өте жақсы жолы».
Биылғы шараның басты ерекшелігі – экспонаттар туралы мәліметтерді келушілерге жеткізу үшін тек музей қызметкерлері емес, өңірімізге танымал блогерлер мен журналистер де шақырылған. Ал шараның көркін қыздырған сахналық көріністер мен театрландырылған қойылымдарға қаладағы колледж бен университет студенттері белсене қатысты.
Жұлдыз Қабылденова