Ішкі істер министрлігі күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастыруда деп хабарлайды Polisia.kz. Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Бақытжан Әмірханов - ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы
Мұндай заттардың тізіміне жастар арасында «көңіл көтеретін газ» ретінде белгілі азот тотығы да енгізілген. ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті тыйым салынған заттарды тарату фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Жыл басынан бері республика бойынша 49 факт тіркеліп, 1,5 мыңнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленді. Сондай-ақ көршілес мемлекеттен «көңіл көтеретін газды» жеткізу арнасы жойылды.
Аталған фактілердің барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты іс бойынша соттың айыптау үкімі заңды күшіне еніп, кінәлі тұлға 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
ІІМ барлық азаматтарға, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілеріне азот тотығын сатуға және таратуға жол берілмейтінін ескертеді.
Тыйым салынған заттарды тасымалдауға, сақтауға және сатуға қатысы бар барлық тұлғалар заң алдында жауапқа тартылады.