Жазғы демалыс оқушылар үшін тек тынығу уақыты емес. Бұл – алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, өз табысын табуға мүмкіндік беретін кезең. Биыл да өңірде жүздеген жас түрлі салада еңбек етіп, жауапкершілік пен тәжірибе жинауда. Жасөспірімдердің жазғы жұмысы қалай ұйымдастырылған? Олар қандай тәжірибе жинап жүр? Тілшіміз Сабина Жолдаспаева анықтап көрді. 

Биыл облыста 12 мыңға жуық жасөспірімді жазғы жұмыспен қамту жоспарланған. Оқушылар қала мен ауыл аймақтарда еңбек етуде. Олар қоғамдық тамақтану орындарында, сауда саласында, өндіріс орындарында, абаттандыру жұмыстарында жұмыс істейді. Еңбекақы көлемі кемінде 80 мың теңгеден басталады.

Владимир Берковский, Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі

Жасөспірімдердің еңбек ұжымында жұмыс істеуі олардың өмірлік тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік береді. Ересектермен бірге еңбек ету арқылы жауапкершілікті үйреніп, тәрбие алады. Сондықтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы білім басқармасымен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жоғары сынып оқушыларына арналған жұмыс орындарын ұйымдастырды. Заң бойынша 14 жастан бастап еңбек етуге болады. Бұл жастардың есейіп, жұмысшы мамандықтарға қызығушылығының артуына ықпал етеді.

Кейбір мектептерде оқушыларға еңбек дағдыларын меңгеруге арналған арнайы жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – тігін ісіне баулитын «Шебер қолдар» курсы. Мұнда балалар теориямен ғана шектелмей, нақты бұйым тігіп, еңбегі үшін ақы алады. Жобаға оқушылар қатысып, алғашқы табысын тауып жүр. 

Эльзара Байназарова, оқушы

Мен осы қолғап тігу жұмысын қатты жақсы көремін. Бұл жұмыспен 3 ай айналысамын. Бір қолғапты 20-25 минутта тіктім. Қазір 10-15 минутта қолғапты тез тігемін. 

Динара Темірбаева, Павлодар қаласының Ш.Шөкин атындағы ЖОББ мектебінің директоры

Бұл тәсіл бірден бірнеше маңызды міндетті шешеді. Оқушыларды өз еңбегі мен өзгенің еңбегін бағалауға үйретеді. Қаржылық жоспарлау және бюджеттеу дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Жасөспірім шақтан бастап экономикалық сауаттылық пен дербестікті қалыптастырады. «Еңбек – елдің ертеңі» жобасы заманауи мектептің тек теориялық оқытудан практикалық-бағдарлы тәсілге сәтті ауыса алатынын дәлелдеді. Мектептің ата-аналар қауымдастығы бұл бастамаға өте жоғары баға берді. Балалар өз еңбегінің нәтижесін көріп, алғашқы заңды жалақысын алуда, бұл олардың жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. 

Оқушылар мектептен тыс жерлерде де еңбек ете алады. Соның бірі – трамвай басқармасындағы жұмыс. Мұнда жасөспірімдер бақылаушыларға көмекші болып, жолаушылармен жұмыс істеу тәртібін меңгереді. Әр оқушыға тәлімгер бекітіліп, жұмыс барысын үйретеді. Күніне бірнеше сағат еңбек еткен олар алғашқы тәжірибесін жинақтауда.


Сұңғат Асылбеков, трамвай бақылаушы

Өзім көрсетемін, билет тексереді. Екі тілде сөйлейді. Осындай жұмыс. Менің оқушым жақсы бала, тәртіпті. Маған ұнайды оқушым, өзімнің баламдай көремін. 

Саян Сұлтанбаев, оқушы

Мен бұл жұмысқа мектеп арқылы орналастым. Құжаттарымды тапсырып, жұмысқа қабылдандым. Алғашқы күндері тәлімгерім барлық міндетті түсіндіріп, адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керегін үйретті. Бұған дейін егістік алқабында жұмыс істегенмін, ал трамвайдағы жұмыс мен үшін жаңа тәжірибе болды. Бастапқыда жолаушылармен сөйлесу қиын көрінді, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім.

Мамандардың айтуынша, алғаш рет еңбекке араласқан оқушылардың көбі келесі маусымда да жұмыс істеуге ниет білдіреді. Алайда жұмысқа орналасқысы келетін жасөспірімдер саны көп болғандықтан, орындар кезең-кезеңімен бөлінеді. Осылайша жаз бойы көбірек оқушыны қамтуға мүмкіндік жасалады.


Сабина Жолдаспаева