Биыл 21 маусым медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Осы кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлесін қосып жүрген ақ желеңді абзал жандардың еңбегі еленді. Салтанатты марапаттау шарасы туралы – тілші әңгімесінде.
Аймағымызда ұлт саулығын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Облыс бойынша 30 жаңа медициналық нысан іске қосылып, барлық аудандық аурухана санитарлық көліктермен қамтылған. Мұндай жетістіктерді өңір басшысы Асайын Байханов медицина қызметкерлерін құттықтау кешінде атап өтіп, кәсіби мереке иелеріне жылы лебізін білдірді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Бүгінде сіздердің қатарыңызда 7000-нан астам адам аянбай еңбек етуде. Түн ұйқысын төрт бөліп, мереке мен демалысқа қарамай, адам өмірі үшін күресу – үлкен ерлік. Сол үшін сіздерге бас иіп, шынайы ризашылығымды білдіремін.
Адам жанының арашасы болып, күнделікті өмірде ерлік көрсетіп жүрген медицина саласының мамандарына құрмет көрсетілді. Олардың көпжылдық қажырлы еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі мен өз мамандығына адалдығы лайықты бағаланып, түрлі марапат табыс етілді. Мәселен, осы салада 23 жыл жұмыс істеп келе жатқан Ерлан Рамазанов «Павлодар облысының алтын скальпелі» атанды.
Ерлан Рамазанов, Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі
Менің медицина саласына келуім кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Бала күнімде құрдастарым секілді мен де әскери қызметкер болуды армандайтынмын. Алайда, тағдырдың жазуымен медицина институтына түсіп, оны тәмамдаған соң, өмірімді хирургиямен байланыстыру керек деген нақты шешімге келдім. Мұндай сәтте ерекше қуанышқа бөленетінің сөзсіз. Дегенмен, ұзақ жылғы бұл жетістікті тек өз шеберлігімнің нәтижесі деп айта алмаймын. Бұл – маған бағыт-бағдар беріп, кәсіби шыңдалуыма көмектескен аға буын ұстаздарым мен басшыларымның ортақ еңбегі.
Шара өнер ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жұлдыз Қабылденова