Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өз ісіне адал мамандардың еңбегі туралы айтамыз. Павлодарлық дәрігер-реаниматолог Владимир Малыхин 30 жылдан астам уақыт бойы төтенше жағдайларда адамдардың өмірін сақтап келеді. Жақында маман Железин ауданында апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағының оқиға орнына барып, зардап шеккен ұшқышқа көмек көрсетті. Бұл оның еңбек жолындағы ең күрделі шақыртулардың бірі болды. 


Дәрігер-реаниматолог Владимир Малыхин тәуліктік кезекшілігін аяқтауға дайындалып жатқан сәтте таңғы сағат 06:50-де шұғыл хабарлама түседі. Железин ауданында масаға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізген Ан-2 ұшағы апатқа ұшыраған. Оқиға орнына жедел әрекет ету тобы дереу әуежайға аттанып, санитарлық авиация арқылы апат болған жерге жеткізіледі. Құтқарушылар 28 жастағы ұшқышты эвакуациялап, алдымен Железин аудандық ауруханасына жеткізген.

Владимир Малыхин, ҚР тжм апаттар медицинасы орталығының Павлодар облысы бойынша жедел әрекет ету тобының реаниматолог дәрігері

Ұшақ апаты салдарынан науқастың үсті жанар-жағармай қалдықтарына толы болды. Железин аудандық ауруханасының мамандары өте жақсы жұмыс атқарды. Оларға ерекше алғыс айтқым келеді. Олар науқастың жағдайын тұрақтандырып, қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектесті. Кейін біз оны Павлодарға жеткіздік. Мұнда бізді №1 қалалық аурухананың дәрігерлер тобы күтіп алды. Барлық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 

34 жылдық еңбек тәжірибесінде дәрігер талай қиын жағдайды бастан өткерген. Дегенмен бұл шақырту оның жадында ерекше сақталған. Себебі ауыр халдегі науқасқа көмек көрсетумен қатар, оған өз қорқынышын да жеңуге тура келді. Дәрігер қызметтік міндетін тікұшақ бортының ішінде атқарған.

Владимир Малыхин, ҚР тжм апаттар медицинасы орталығының павлодар облысы бойынша жедел әрекет ету тобының реаниматолог дәрігері

Науқаспен бірге болған кезде қорқыныш азаяды. Өйткені бар назарыңды оның жағдайына аударасың. Ем-дом жасап, жағдайын бақылап отырасың. Сол кезде қорқынышты жеңуге болады. Ұшудан қорқатын адамдар көп. Соған қарамастан олар ұшады. Мен де ұшуды ұнатпаймын, бірақ қажет болған жағдайда міндетімді атқарамын. Бұл жолы да бас тартуға мүмкіндік болмады. Оның үстіне науқасқа көмектесу керек еді.

Владимир Малыхиннің айтуынша, қорқыныш әлі де бар. Бірақ әр жолы ол кәсіби борышын бәрінен жоғары қояды. Өйткені дәрігер үшін ең бастысы – науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалу.


Сабина Жолдаспаева