Тазалық – әр тұрғынның күнделікті мәдениетінен басталады. Павлодарлық еріктілер бұл жолы кезекті сенбілікті Усолка шағын ауданындағы қалалық жағажайда өткізді. Олар демалыс аумағын қоқыстан тазартып, табиғатты аялауға үндеді.


Шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Еріктілер жағажай аумағын аралап, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Айтуларынша, жаз мезгілінде бұл жерге келушілер саны көбейеді. Сондықтан тазалықты сақтау мәселесі де ерекше маңызға ие. Белсенді жастар табиғатты таза ұстау әр адамның азаматтық жауапкершілігі екенін айтты.

Тамирис Бесеенова, Павлодар облысы бойынша еріктілердің өңірлік фронт-офисі басшысының м.а.

Біз Усолка шағын ауданындағы қалалық жағажайды әдейі таңдадық. Өйткені бұл аумаққа демалушылар көп келеді. Ластану тек орман мен саябақтарда ғана емес, жағажайларда да кездеседі. Әсіресе шомылу маусымында адамдар демалғаннан кейін қоқысты жинамай кететін жағдайлар жиілейді.

Сенбілікке еріктілермен қатар қоғамдық белсенділер мен «Заң мен тәртіп» бастамасының амбассадорлары да қатысты. Олар демалушылармен тілдесіп, қоғамдық орындарда тазалық сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және қоршаған ортаны қорғау мәдениетінің маңызын түсіндірді.

Айдар Құрымбаев, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадоры

Қаланы көркейту үшін бүгінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда көшедегі сынған шамдарды немесе бүлінген мүлікті көргенде көңілге қаяу түседі. Сондықтан барша тұрғындарды туған қаламызды таза ұстап, ортақ мүлікке ұқыпты қарауға, заң мен тәртіпті сақтауға шақырамын.

Ұйымдастырушылар мұндай экологиялық акциялар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, қоғамдық орындарды таза ұстауға ынталандырады деп есептейді. Олар тазалықты сақтау тек сенбілікпен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін атап өтті.


Сабина Жолдаспавеа