Павлодарда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Сарыарқа жұлдыздары» атты салтанатты кездесу өтті. Шарада білім мен ғылымда үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар марапатталды. Толығырақ алдағы сюжетте. 


Биылғы кездесуге оқу жылы бойы түрлі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында және халықаралық білім сайыстарында жеңіске жеткен мектеп оқушылары қатысты. Олар өздерінің табандылығы мен еңбегінің арқасында Павлодар қаласының намысын лайықты қорғап, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.

Ақмарал Мұхамеджанова, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының басшысы

Бұл оқушылар біздің Павлодар қаласының білімін асқақтатып, облыстық және респубикалық деңгейдегі зияткерлік сайыстарға, ғылыми жобаларға және шығармашылық сайыстарға қатысқан оқушылар. 

Салтанатты шара барысында оқушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл – олардың білімге деген ынтасы мен тынымсыз еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, алдағы жетістіктеріне берілген үлкен қолдау.


Кездесуге алғаш рет олимпиада жолына қадам басып, қысқа уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген түлектер де қатысты. Сонымен қатар бірнеше жыл қатарынан білім бәйгелерінде үздік нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі жас дарындар да марапатталды. 

Әлихан Қайырқан, Павлодар қаласы Ж. Тәшенов атындағы ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы

Мен үшін бұл шараға қатысу өте маңызды. Себебі, бұл адал еңбегімен алған жетістіктерді көрсетеді. Барлық орқушыларға бұл қиын жол болды. Профессорлардың алдында жобаңды қорғау әр оқушы үшін үлкен жетістік.

Шара еркін форматта өтті. Мұндай кездесулер дарынды жастарды ынталандырып, олардың білімге деген қызығушылығын арттырады. 


Сабина Жолдаспавеа