Коммуналдық қызмет тарифтері халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Павлодар облысында бұл сала мемлекеттік бақылауда. Негізгі мақсат тұрғындардың мүддесін қорғап, коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және инфрақұрылымды жаңғыртуға жағдай жасау.


Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында коммуналдық қызмет тарифтері өзгерген жоқ. Себебі осы кезеңде тарифтердің өсуіне мораторий жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында мамандар табиғи монополия субъектілерінің шығындарын жан-жақты тексеріп, олардың ұсынған есептері мен инвестициялық бағдарламаларын саралады. 

Нұрлан Нұрмұратов, Павлодар облысы бойынша монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы

Павлодар өңірлік электр желілік компаниясының өтінімін екі ай бойы мұқият қарастырдық. Кәсіпорын электр энергиясының тарифін бір киловатт-сағат үшін 32 теңге 58 тиыннан 37 теңге 80 тиынға дейін көтеруді ұсынды. Сонымен бірге шығын көлемі 49 миллиардтан 58 миллиард теңгеге дейін өседі деп көрсетілген. Сараптама нәтижесінде департамент орташа тарифті 34 теңге 76 тиын көлемінде бекітті. 

Тарифтік саясатта әлеуметтік әділеттілік қағидаты сақталады. Кейбір тұтынушылар үшін тариф өзгерісі барынша азайса, жекелеген санаттар үшін бұрынғы деңгейде қалды. Бұл тұрғындарға түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетіп, коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстарын жүргізеді. 

Нұрлан Нұрмұратов, Павлодар облысы бойынша монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы

Павлодар жылу желілері серіктестігі бойынша жаңа тарифтік кезең 2026–2030 жылдарға белгіленді. Орташа босату тарифі қосылған құн салығын есептемегенде 6 мың 599 теңгені құрайды. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 10,7 пайызға жоғары. Халық үшін тарифтер сараланып белгіленеді. Ал өзге тұтынушылар үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталады.

Қазір коммуналдық кәсіпорындардың өзге де өтінімдері қаралып жатыр. Жақын уақытта сумен жабдықтау және су бұру саласындағы бірнеше жоба бойынша шешім қабылданады. Департамент өкілдерінің айтуынша, әрбір тариф бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді.


Сабина жолдаспаева