Баянауыл ауданының көрікті жартастары, туристік соқпақтары мен табиғи ескерткіштері бұрынғыдан да таза бола түсті. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңір белсенділері екі күн бойы туристер жиі баратын аумақтарды қоқыстан тазартып, табиғатқа жанашырлық танытты. Іс-шараның барысын біздің түсірілім тобы да назарға алды.
Екі күнге созылған акция барысында қатысушылар Баянауыл ұлттық табиғи паркінің бірнеше аумағында еңбек етті. Олар қоқыс жинап, жартастардағы жазуларды өшіріп, жыл сайын мыңдаған демалушы келетін орындарды ретке келтірді.
Руслан Нұрбеков, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы
Біздің мақсатымыз – Қоңыраулие, Торайғыр және Кемпіртас сияқты үш негізгі нысанды қамту. Сонымен қатар, дәл қазір тұрған жеріміз секілді бірқатар киелі әрі табиғи орындар да бар. Бұл жерлердегі жартастарға түрлі жазулар жазылған. Қолымыздан келгенше олардың бәрін тазартуға тырысамыз. Бұл шараны ұйымдастыруға шамамен 2 миллион 800 мың теңге бөлінді. Қаражатқа қатысушыларды тасымалдау, жол шығындары, тамақтандыру және жатын орындары кіреді. Екі күн бойы Баянауыл ұлттық паркінің аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар табиғи әрі тарихи мұраларды сақтауға ғана емес, әрбір келушіге бұл орындардың тазалығы өзіне де байланысты екенін ұғындыруға мүмкіндік береді.
Руслан Нұрбеков, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы
Акцияның басты мақсаты – өңіріміздегі көрікті әрі киелі орындарды тазалап, оларды талапқа сай қалыпқа келтіру. Өкінішке қарай, барлық туристер тазалықты сақтай бермейді. Кейбірі қоқысын қалдырып кетсе, енді бірі жартастарға жазу жазады. Сондықтан біздің міндетіміз – осының бәрін тазалап, табиғаттың бастапқы келбетін сақтау. Сонда келген қонақтар да, жергілікті тұрғындар да таза әрі жайлы ортада демалады. Сонымен қатар, жастардың бойында туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруды көздейміз. Жастайынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсініп өссе, табиғатты қорғау олардың өмірлік ұстанымына айналады.
Акцияға Павлодар политехникалық колледжінің студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері белсенді атсалысты. Олар оқытушыларымен бірге Баянауылға арнайы келіп, өңірдің ең көрікті мекендерінің бірін сақтауға өз үлестерін қосуды жөн көрген.
Жоламан Жұмаділов, «жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, АӘД оқытушысы
Біздің студенттер әрқашан осындай тазалық жұмыстарына , мерекелік шараларға қатысады әрқашан. Бүгін міне 40 студентпен келдік, Таза Қазақстан, таза Бавянауыл акциясын қолдап келдік.
Жәмиля Бұламбаева, «заң және тәртіп» идеологиясының амбассадоры
«Таза Қазақстан» бастамасы мен «Заң және тәртіп» идеологиясы – «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Адал Қазақстан» қағидатының маңызды бағыттарының бірі. Бүгін «Жастар Рухы» ұйымының делегациясымен бірге осы ауқымды экологиялық акцияға қатысу үшін келдік. Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі болашақ – өз қолымызда. Ал жарқын болашақ дәл бүгінгі игі істерден басталады.
Баянауыл ауданында мұндай экологиялық акциялар бүгінде игі дәстүрге айналған. Қатысушылардың пікірінше, өңірдің қайталанбас табиғаты мен тарихи мұрасын сақтау – баршаға ортақ міндет. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана оны келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз.
Қымбат Садық