Аулаларды абаттандыру, балалар алаңын орнату, сумен қамту. Павлодарлықтар көбінесе осындай коммуналдық сұрақтармен қабылдауларға келеді. Кезекті акция жайлы тілшіміздің сюжетінде. 


Павлодарда «Тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында азаматтарды қабылдау орталығы акция өткізді. Ертіс жағасында демалып жүрген өңір тұрғындары өз сұрақтарын қаз-қатар отырған басқарма, бөлім басшыларына қоюға мүмкіндік алды.  

Наталья Нефедова, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы

Дәл қазіргі уақытта орталық жағалауда қабылдау жүріп жатыр. Облыстық басқармалар мен департаменттердің, бөлім басшылары мен құқыққорғаушылар азаматтарды қабылдап, кеңес беріп жатыр. Жұмыспен қамту орталығы мен коммуналдық сектор қызметкерлері де қатысуда. еркін форматта, кез келген тұрғын өзіне керекті басқарма, бөлімге жақындап көкейіндегі сұраққа, ұсынысына жауап ала алады. 

Акция бірретік емес, енді дәстүрлі түрде әр жұма күні қаламыздың саябақтарында, ірі сауда үйлерінде ұйымдастырылады. Тұрғындардың басым бөлігі коммуналдық сұрақтармен жүгінеді, деді ұйымдастырушылар. 

Наталья Нефедова, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы

Көбінесе осындай қабылдауларда тұрғын үй коммуналдық сала бойынша, аулаларды абаттандыру, сумен қамту, балалар ойын алаңын орнату, яғни әлеуметтік сұрақтар бойынша жүгінеді. Қазір жұмыспен қамту жағы да өзекті. Себебі түлектер диплом алып жатыр. Әлеуметтік сала, денсаулық саласы бойынша дәрі-дәрмекпен қамту сұрақтары да жиі кездеседі.

Лилия Мосман, Павлодар қаласының тұрғыны

Мен өзім қайырымдылықпен айналысатын ұйымнанмын. Жұмыстан шығып, орталық жағалауға келгенмін. Сөйтсем мында қабылдау болып жатыр екен. Осындай акциялар өте керек. Себебі тұрғындар кез келген сұрақтарымен жүгіне алады, кеңес ала алады. Сондықтан жиі өткізіп тұрса деймін. 

Қабылдау барысында тұрғындар өз ұсыныстарымен де бөлісіп жатты. Себебі, халық үнін есту, құлақ асу – мемлекет міндеті.


Самал Қалиқыз