Павлодарда жекеменшік балабақшада болған оқиға қоғамның қызу талқысына түсті. Үш жасар бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желіде тәрбиешінің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасағаны түсірілген бейнежазбаны жариялады. Осы дерекке байланысты Павлодар облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
Желіде тараған кадрларда тәрбиешінің кішкентай қызды күштеп ұйықтатуға әрекет жасап, оны төсекке басып ұстап тұрғаны байқалады. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ана бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көргеннен кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазбалар талданып, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр. Ал аталған жағдайдан кейін тәрбиеші қызметінен уақытша шеттетілген.