Павлодарда инклюзивті спорт орталығы мен 5 өрт сөндіру депосы ашылмақ. Павлодар облыстық мәслихатының кезекті сессиясында 2025 жылғы бюджеттің орындалуы мен 2026 жылға арналған жоспарлар қаралды.
Өткен жылы атқарылған жұмыстар пысықталды. 2025 жылы Павлодар облысына барлық санаттан 511,4 млрд теңге түсім түсіп, кіріс көлемі 102,3 млрд теңгені құрап отыр.
Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары
Әлеуметтік нысандарды сатып алуға бюджет қаржыларының 58,3 пайызы, яғни 297,7 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде білім беру саласына 234,7 млрд теңге бөлінді. Облыста 387 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 39 мың бала барады. Өңірде 2-6 жастағы балаларды қамту 95,5 пайызды құрап отыр. Бұл 2024 жылмен қарағанда бірқатар өскен. Облыста 314 мектеп химиялық, биологиялық бағыттағы жабдықтармен қамтылған.
Биыл Усолка мөлтек ауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ. Ақсу ауылдық аймағында төрт спорт нысаны бой көтермек.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Облыстық бюджеттің кіріс жағы түзетілді. Облыс әкімінің тапсырмасын орындау аясында Железин, Тереңкөл, Аққулы аудандарына су мен жылу жүйелерін жөндеуге 640 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстағы үнемдеу мен оңтайландыру жұмыстары аясында 10 млрд 300 млн теңге қалды. Бұл қаражат, яғни 5 млрд 200 млн теңге Усолка мөлтек ауданындағы мектеп құрылысын аяқтауға жұмсалады. 301 млн теңге балалар ауылдарының коммуналдық төлемдерін өтеуге жұмсалады. Спорт саласына 2 млрд теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 1 млрд 300 млн теңге Жолқұдық, Пограничник, Алғабас, Еңбек ауылдарында спорт кешендерінің құрылысын аяқтауға бөлінбек.
Денсаулық сақтау саласына Екібастұз қалалық ауруханасының коммуналдық шығындарын өтеуге 181 млн теңге, цифрлық технологияларды енгізуге 103 млн теңге бөлінеді. Сондай-ақ, 514 млн теңге балаларды оңалту орталығының жаңа филиалын ашуға, медициналық-әлеуметтік нысандарды дамытуға және мүгедектігі бар азаматтарды протездік-ортопедиялық бұйымдармен, емдеу-профилактикалық қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталады.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 585 жалдамалы пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздары шығару арқылы жүзеге асады. Жалпы сомасы - 9,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпкерлік бағытында екі жобаны жүзеге асыруға 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ертіс ауылындағы ет өндеу зауытына инженерлік коммуникациялық желілері тартылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында инвестициялық жобалар жоспарына біраз өзгерістер енгізілді.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Инвестициялық жоспар ұшу-қону жолына қайта жөндеу, Павлодарда инклюзивті спорт орталығын салу сынды жобалармен толықты. Бюджетті оптимизациялау мақсатында спорт бағытындағы екі жобаның жүзеге асуы 2027 жылға қалдырылады. Қала аумағын дамыту бағытында 4 жоба енгізілді.
Сонымен қатар, Павлодарда 5 жаңа өрт сөндіру депосы салынады. Қала мен аудандардағы тағы 7 өрт сөндіру депосын жөндеу мерзімі қайта қаралды. Өңірді дамыту бағдарламасының жалпы құны 3 трлн 351 млрд 600 млн теңгені құрайды. Оның 29%-ы бюджет қаражаты есебінен, ал қалған 71%-ы бюджеттен тыс өзге қаржы көздерінен қаржыландырылады.
Самал Қалиқызы