Баланың еркін ойнап, сапалы білім алуы және әлемді тануға деген ынтасы оның өскен ортасына байланысты. Балабақша – әрбір бүлдіршін үшін алғашқы әлеуметтік орта және екінші үй. Осы орайда Чернорецк ауылындағы «Ақ бота» сәбилер бақшасында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көп ұзамай бүлдіршіндер кең, жарық әрі қауіпсіз ғимаратқа оралады.



Көп жыл бойы ғимарат тек ағымдағы жөндеумен шектеліп келген еді, алайда уақыт талабына сай нысанды күрделі жаңғырту қажеттілігі туындады. Қазір мұнда ауқымды жұмыстар басталып кетті: мамандар ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізіп, инженерлік желілерді толықтай жаңартуда. Бұл шаралар бүлдіршіндерге заманауи талаптарға сай, қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Әділ Ибраев, құрылыс учаскесінің бастығы

Құрылыс жұмыстары 1 мамырда басталып, 31 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда нысанның жұмысы 60 пайызға тәмамдалды. Қазір ішкі әрлеу және ғимараттың қасбетін ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірінші және екінші қабаттардың терезелері толық орнатылып, шатыры 100 пайызға жабылды. Жылыту жүйесі де толығымен дайын. Ендігі кезекте еден төсеу, есіктерді орнату және кафель жапсыру жұмыстары қалды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 1 арнайы құрылыс қоқыстарын шығару жұмыстары үшін техника мен 13 маман еңбек етуде. Олардың ішінде 7 адам қосалқы жұмыстарды атқарып жатыр.


Күн өткен сайын нысанның жұмысы аяқталуға жақындап, ғимарат жаңа кейіпке енуде. Ендігі кезекте аумақты көгалдандыру мен балаларды қабылдауға дайындалу міндеті тұр. Әрбір бөлшегі бүлдіршіндердің игілігіне арналған бұл жоба сәбилер бақшасының ұжымына мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істеуге жол ашады.

Айгүл Орынтаева, Чернорецк ауылы «ақ бота» сәбилер бақшасының басшысы

Бұл сәбилер бақшасы 2011 жылы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілген. Күрделі жөндеу болған жоқ. Барлық уақытта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келді, ал енді осы 2026 жылдың басында біздің мектепке дейінгі ұйымымыз үшін облыстық бюджеттен күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлінгені туралы осындай қуанышты хабар келді. Бұл бақша 60 бүлдіршінге шақталған. Қазіргі уақытта мұнда 12 педагог, соның ішінде 6 тәрбиеші еңбек етеді. Сәбилердің жан-жақты дамуы үшін педагог-психолог, логопед, музыкалық жетекші және дене шынықтыру нұсқаушысы тұрақты түрде жұмыс істейді.


Ата-аналар үшін ғимараттың сыртқы кейіпі ғана емес, ішкі жайлылығы мен қауіпсіздігі маңызды. Бүгінде жасалып жатқан жұмыстар алдымен сәбилер бақшасының жылы әрі қолайлы болуына бағытталған.

Үміт Төлеубаева, Чернорецк ауылының тұрғыны

Биыл мына үлкен, ауқымды жөндеу жүріп жатқанына қуаныштымыз. Уақытында бітіріп берсе, тіпті қуанышты боламыз енді. Заман өзгергеніне сай біздің мына есік, терезе болсын, қандай жабдықтар болсын – бәрі де жаңарып жатыр ғой. Сондықтан біздің балабақшаны жақсы жөндеуге қойғаннан кейін, ішіндегі жабдықтануы да алға басып, ата-аналардың да көзқарасы жаңаша болады ғой. Сондықтан біздің заманымыз қозғалған сайын, жабдықтар керек.

Аталған нысанның күрделі жөндеуден өтуі – ауыл жұртышылығы үшін үлкен қуаныш. Себебі мектепке дейінгі білім беру саласын қолдау – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлықтың, балалардың сапалы тәрбие алып, ата-ана көңілінің орнықты болуының кепілі.



Жұлдыз Қабылденова