Павлодарда «Есірткісіз болашаққа ұмтыл» антинаркотикалық айлығы өз мәресіне жетті. Қорытынды шара Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай орталық жағалауда ұйымдастырылып, оған жүзден астам жас қатысты.


Айлық барысында облыс бойынша 76 түрлі іс-шара өткізілді. Олардың қатарында ақпараттық акциялар, спорттық жарыстар, профилактикалық кездесулер мен дәрістер бар. Ұйымдастырушылар жастарға тек зиянды әдеттердің қауіптілігін түсіндірумен шектелмей, оның орнына спортпен шұғылдану, шығармашылықпен айналысу, еріктілік қызметі мен белсенді қоғамдық өмірге араласуды насихаттауды басты мақсат еткенін айтады.

Шара аясында демалушылар үшін спорттық сайыстар, шығармашылық алаңдар, кеңес беру аймақтары және полиция техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Бұл бастамалар жастардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге болатынын көрсетуге бағытталды.

Айлин Әкімова, жастар бастамаларын дамыту орталығының еріктісі 

Жастар құмар ойындарға, есірткі мен алкогольге әуес болып барады. Сондықтан осындай акцияларды өткізудің маңызы зор. Жақында «Есірткіге жол жоқ», «Таза Қазақстан», «Салауатты болашақ», «Есірткісіз болашақ» акцияларын өткіздік. Біз бұл мәселені үнемі көтеріп, қоғам назарында ұстауға тырысамыз. Өйткені бұл туралы жиі айтылып, кеңінен насихатталса, мәселені азайтуға болады деп есептеймін.

Айлықтың жабылу рәсімінде тәуелділіктен арылу жолына түскен азаматтармен ашық кездесу өтті. Оңалту курсынан өтіп жатқан қатысушылар өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Руслан Кустудинов, РПДҒПО Павлодар филиалының оңалту бөлімшесінің пациенті 

Мен Павлодардағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында оңалтудан өтіп жатырмын. Психотроптық заттарды ұзақ уақыт қолдандым. Бұл – қоғамға қайта оралып, жаңа өмір сүруді үйренуге берілген үлкен мүмкіндік.

Айта кетейік, профилактикалық жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Жыл бойы мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында кездесулер, танымдық акциялар және түрлі шығармашылық жобалар ұйымдастырылып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Дильназ Қуанышбекқызы