Өңірде аумақ тазалығын сақтау және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кезекті рейд нәтижесінде қала маңындағы ірі қоқыс үйіндісі тазартылды. Тақырыпты әріптесім жалғастырсын.


«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экология департаменті, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мүдделі құрылымдар заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау мақсатында бірлескен рейдтер жүргізуде. Бүгінде өңірде ресми рұқсат етілген 320-ға жуық қоқыс тастайтын орын бар. Соған қарамастан тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығару тыйылмай, өзекті мәселеге айналып отыр.

Руслан Темірболатов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор

Қазір Павлодар қаласындағы заңсыз қоқыс үйіндісін көріп тұрмыз. Бұл – шаһардағы өзекті мәселелердің бірі. Сонымен қатар, «Қазақстан Ғарыш Сапары» порталы арқылы ғарыштық мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 100 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, олардың шамамен 51 пайызы жойылды. Алайда алдағы уақытта ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталатын заңсыз қоқыс үйінділерінің саны артуы мүмкін деп күтілуде, өйткені қазіргі уақытта ғарыштық түсірілімдер облыстың барлық аудандарын толық қамтыған жоқ. Бізге жаңа ақпарат келіп түскен бойда, оны жедел түрде жергілікті атқарушы органдарға жолдап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру үшін ұсынамыз.

Тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тиісті жазалау тетіктері қарастырылған. Мұндай шаралар жеке және заңды тұлғаларға қатысты бөлек қолданылады. Ал теріс әрекет қайталанған жағдайда, қолданылатын жаза шаралары қатаңдатылып, айыппұл көлемі айтарлықтай артады.

Нияз Мусин, Павлодар қаласы прокуратурасының прокуроры

Павлодар қаласының прокуратурасы жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ заңсыз қоқыс үйінділерін ұйымдастыру заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеліп соғатынын еске салады. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазіргі уақытта уәкілетті органдар жоғарыда аталған талаптардың бұзылуына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған жұмыстарды күшейтіп жатыр. Көлік құралдарын пайдалана отырып, қалдықтарды белгіленбеген орындардан тыс жерге шығару арқылы қездейсоқ қоқыс орындарын ұйымдастырғаны үшін Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-1-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Аталған бап санкциясына сәйкес, жеке тұлғалар үшін 100 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.

Демек, заңсыз қоқыс тастағандар жазасыз қалмайды. Құзырлы органдар рейдтік шараларды бұдан былай да күшейтіп, қоршаған ортаны ластаушылармен ымырасыз күрес жүргізе бермек. Дегенмен бұл мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес. Тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі маңызды, себебі өңірдің тазалығы әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жанашырлығына тікелей байланысты.


Жұлдыз Қабылденова