Жаз мезгілі басталғалы Павлодар облысында велосипед пен электрлі самокат иелеріне қатысты профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Полицейлер тұрғындарға мүліктерін қараусыз қалдырмауды ескертіп, рейдтік іс-шаралар өткізуде. Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде велосипед ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайған.

Рейд барысында полиция қызметкерлері сауда үйлерін, аулаларды, саябақтар мен көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерін аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе қымбат велосипедтер мен электрлі самокаттарды арнайы құлыппен бекітіп, бейнебақылау камералары орнатылған орындарға қалдыру қажеттігі түсіндірілді.

Владислав Ермолаев, Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны

Жаз мезгілі басталғаннан бері велосипед ұрлығы көбейеді. Себебі бұл – маусымдық сипаттағы қылмыс. Қазіргі таңда Павлодар облысында велосипед ұрлығы бойынша 49 қылмыстық дерек тіркелді. Оның 37-сі ашылды. Ал қалған фактілер бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, осы уақытқа дейін ұрланған велосипедтердің басым бөлігі бейнебақылау камераларының көмегімен анықталған. Мамандар ұрланған көлікті іздеуді жеңілдету үшін велосипедтің немесе электрлі самокаттың сериялық нөмірін, маркасын және ерекше белгілерін алдын ала жазып алуға кеңес береді. Сондай-ақ сатып алу құжаттарын сақтап қоюдың да маңызы зор.


Сондай-ақ биылғы 1 шілдеден бастап прокатқа берілетін электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Ендігі мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Камила Нұрмақанова, Павлодар облысы ПД жол-техникалық инспекциясының инспекторы

1 шілдеден бастап прокаттық электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа қауіпсіздік талаптары күшіне енді. Енді әрбір прокаттық самокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі. Бұл бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін тіркеп, құқықбұзушылық жасаған самокатты анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті болады. Ал кикшеринг компаниялары электрлі самокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етіп, олардың жылдамдығы мен орналасуын бақылауға, көлік құралдарының есебін жүргізіп, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуға міндетті.

Жаңа талаптарға тұрғындардың пікірі әртүрлі. Бірі мұндай өзгерістер қауіпсіздік үшін қажет десе, енді бірі талаптардың тым қатаң екенін айтады.

Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау – мүлікті ұрлықтан қорғаудың ең тиімді жолы. Ал электрлі самокаттарды пайдалануға енгізілген жаңа талаптар жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дильназ Қуанышбекқызы