Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов орман шаруашылықтарын аралап, су станциясына барды. Жалпы орман шаруашылықтарында техникамен қамту жағы туралы ақпарат ұсынылды. Ал, су беру станциясы жаңғыртылмақ.
Жұмыс сапарының алғашқы нысаны Новоямышево ауылындағы Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі болды. Мұнда 108 адам тұрақты жұмыс істейді, ал өрт қаупі жоғары кезеңде маусымдық жұмыстарға қосымша 28 қызметкер тартылады. Өңір басшысына орман өрттерін сөндіруге арналған қолда бар техника, мамандандырылған жабдықтар мен жедел әрекет ету құралдары таныстырылды. Мекеме 53 мың гектардан астам орман қоры аумағына қызмет көрсетеді.
Орман өртінің қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері мекеме аумағында 16 орман өрті тіркелген. Осыған байланысты Асайын Байханов орман алқаптарына тәулік бойы мониторинг жүргізуді, тұрғындар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді, техниканың әрдайым дайын болуын қамтамасыз етуді және өрт ошақтарына дер кезінде әрекет етуге кедергі болатын кез келген тәуекелдің алдын алуды тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Шақа ауылындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бесқарағай филиалында болды. Асайын Байханов орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуды, төтенше жағдайлар туындаған кезде барлық қызметтердің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді және өрт қауіпсіздігі мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі Аққулы ауданының Ямышево ауылында болып, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ауылдағы 316 үй шаруашылығы немесе 1100-ден астам тұрғын толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алайда су құбыры желілерінің жартысына жуығының тозу деңгейі жоғары, сондықтан елді мекеннің одан әрі даму перспективасын ескере отырып, оларды кезең-кезеңімен жаңғырту қажет.
Жоспарға сәйкес су станциясының жабдықтары жаңартылып, сорғылар мен резервуарлар ауыстырылады, олардың қуаты мен сыйымдылығы ұлғайтылады, сондай-ақ тазалау және өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған өңір басшысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Жұмыс сапары барысында берілген барлық тапсырмалар бақылауға алынды және олардың орындалуы облыс әкімдігінің ерекше бақылауында болады.
Самал Қалиқызы