Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті электр көліктеріндегі өртті сөндіруге арналған арнайы құрылғыны өз күшімен әзірледі. Жаңа инженерлік шешім өрт сөндіру көліктеріне орнатылып, төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, электр көлігіндегі өртті сөндіру кәдімгі автокөліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі негізгі қауіп көліктің төменгі бөлігінде орналасқан жоғары қуатты аккумулятор батареясынан туындайды. Тіпті жалын толық сөндірілгеннен кейін де батарея ішкі қызып кетудің салдарынан қайта тұтануы мүмкін. Сондықтан жаңа құрылғы суды дәл осы бөлікке бағыттап, аккумуляторды тиімді салқындатуға арналған. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер оқиға орнына бара жатқан жолда арнайы мобильді қосымша арқылы көлік туралы барлық қажетті мәліметті алдын ала алады.
Дәурен Қамзин, Павлодар қаласы ТЖБ №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы
Мысалы, бұл – Deepal автокөлігі. Қосымшада аккумулятор батареясының нақты орналасқан жері көрсетіледі. Көбіне өрт осы бөліктің қызып кетуінен болады. Сондай-ақ басқару блогы мен жоғары вольтты сымдардың орны да белгіленген. Қажет болса, көлікті электр қуатынан ажыратып, содан кейін ғана өртті сөндіруге кірісеміз.
Арнайы құрылғыны департамент қызметкерлері өздері құрастырған. Биыл өңірде электр көліктерінің өртену дерегі тіркелмегенімен, құтқарушылар мұндай жағдайларға толық дайын екенін айтады. Ал жыл басынан бері облыста іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктердің қатысуымен 45 өрт оқиғасы болған.
Асқар Бүркітбаев, Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының бас маманы
Өрттің негізгі себептері – газ-баллон жабдығы бар көліктерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, электр сымдарының қысқа тұйықталуы, жанар-жағармайдың ағуы, көлік құралдарын дұрыс пайдаланбау және техникалық қызметтің уақытылы жүргізілмеуі. Оның ішінде үш өрт газ-баллон жүйесімен жабдықталған автокөліктерде болды. Сондықтан мұндай көліктерге тұрақты техникалық қызмет көрсету аса маңызды.
Жыл басынан бері тіркелген автокөлік өрттерінің 80 пайыздан астамы облыс қалаларында болған. Мамандар электр көліктері болсын, дәстүрлі автокөліктер болсын, олардың техникалық жағдайын уақытылы тексеріп, сапалы қызмет көрсетуді басты қауіпсіздік шарасы деп санайды.
Дильназ Қуанышбекқызы