Бала дамуындағы ерекшеліктерді қалай уақытылы байқауға болады? Аутистік спектр бұзылысының алғашқы белгілері қандай және күдік туындаған жағдайда ең алдымен қандай маманға жүгінген жөн? Осы және өзге де өзекті сұрақтар жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен форумда талқыланды.  


Облыстық мәслихаттың қолдауымен аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың ата-аналарына арналған форум өтті. Жиын барысында білікті дәрігерлер бала дамуы мен сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды жан-жақты талқылап, қатысушыларға сенімді ақпарат мен бағыт-бағдар берді.

Алмагүл Күмісбекова, медициналық клиника басшысы, невролог дәрігер 

 «Аутизмнің төгірегінде өте көп жалған ақпарат бар. Көбі осыны пайдаланып бизнес жасай бастайды. Кейбіреуі айтады «биологоиялық белсенді заттарды, БАД-ы дейміз ғой, соны өқабылда, сол кезде кетеді», - деп. Кейбіреуі айтады «Мен авторлық методикаларды ұсынамын, баламды – қызымды, ұлымды аутизмнан емтеп тастадым», - деген жалған ақпараттарды шығара бастайды. Кейбіреуі оны прививкамен байланыстыра бастайды, «профилактикалық прививкаларды алуға болмайды», - деп. Павлодар облысы, біз профилактикалық привикалар алудың қызыл регионына жатамыз, біз алмаймыз, көбіне аналар бас тартады. 

Шарада балалар денсаулығы мен дамуына арналған маңызды тақырыптар талқыланды. Бірінші спикер баланың нейрокогнитивті дамуындағы темірдің маңызына тоқталса, екіншісі дәрігер сөйлеу қабілетінің бұзылыстары туралы ақпаратпен бөлісті. Ал үшінші спикер, Астана қаласынан келген балалар психиатры Мадина Кенжебекова, аутизм спектрінің бұзылысын анықтау ерекшеліктеріне тоқталып, дәрігерлердің не нәрсеге назар аударатынын және қандай оңалту жолдары бар екені жайында сөз қозғады.

Мадина Кенжебекова, медициналық клиника басшысы, балалар психиатры

«Бұзылыстың алғашқы белгілерін баланың бір жасқа дейінгі кезеңінің өзінде мұқият бақылау арқылы анықтауға болады. Мәселен, 8-9 айлық сәбидің айналасындағыларға сирек күлімдеуі, уілдеу мен былдырлау сияқты алғашқы сөйлеу дағдыларының байқалмауы, сондай-ақ адамдарға көңіл аудармауы немесе өте әлсіз жауап қатуы алғашқы белгілер болуы мүмкін. Бала сәл есейе келе, яғни 1 жастан 3 жасқа дейін сирек көзге тіке қарайды немесе мүлдем қарамайды, саусағымен ештеңені нұсқап көрсетпейді және жалпы ым-ишараны қолданбайды. Аутизм белгілері бар балаларда ең алдымен әлеуметтік байланыс бұзылатындықтан, негізгі қарым-қатынас құралы саналатын сөйлеу тілінің дамуы да артта қалып жатады. Сонымен қатар, бірсарынды қайталанатын қимылдар – стереотипиялар пайда болуы мүмкін. Мысалы, ол қолдарын үздіксіз сермеуі, бір орында шыр айналуы немесе шеңбер бойлап жүгіруі, өз саусақтарына ұзақ қарауы, сондай-ақ өзіне ұнаған ойыншықтар мен заттарды көзіне тым жақындатып қарауы да ықтимал.» 

Дегенмен, ата-аналар көбіне бұл ерекшеліктерді дер кезінде байқамайды немесе байқаса да, дәрігерге баруға асықпайды. Бірақ Мамандар мұндай белгілер анықталған сәтте уақыт жоғалтпай, бірден кәсіби көмекке жүгіну қажет екенін ескертеді.

Мадина Кенжебекова, медициналық клиника басшысы, балалар психиатры 

«Бала өз атына сирек мән берсе немесе тілінің шығуы кешіксе, алдымен оның есту қабілетін тексерту үшін сурдологқа қаралу қажет. Мәселе құлағында емес екеніне көз жеткізген соң, келесі кезеңде неврологтың тексеруінен өту керек, әдетте бұзушылықтарды дәл осы дәрігер анықтап жатады. Бұл құрысулар, моторика дамуының тежелуі немесе жүйке жүйесінің өзге де ауруларының бар-жоғын анықтау үшін маңызды. Ал неврологиялық тұрғыдан бәрі дұрыс болып көрінсе, келесі маңызды қадам – балалар психиатрына қаралу. Ата-аналар «психиатр» сөзінен шошып, «менің баламда ешқандай психикалық ауытқу жоқ» деп бас тартуы мүмкін. Бірақ бұл жерде әңгіме психикалық дерт туралы емес. Егер психикалық-сөйлеу тілі дамуында іркіліс байқалса, психиатр маманының кеңесі өте қажет.»

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 17 мыңнан астам бала аутистік спектр бұзылысы бойынша есепке алынған. Алайда дәрігерлік тексеруден өтпегендердің бар екені де жасырын емес. Сол себепті, қоғамды аутизм туралы ақпараттандыру және осындай шаралар арқылы ата-аналарға бағыт-бағдар беру маңызды. Аталған форум да осы мақсатты көздеп, қатысушыларға білікті дәрігерлермен тікелей тілдесуге, көкейкесті сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік берді.


Жұлдыз Қабылденова