Шарбақты ауданындағы Маралды көліне қатысты «кіру ақылы» деген әлеуметтік желіде пікірлер жиі айтылады. Алайда заң бойынша көлге бару да, суға түсу де тегін. Ал төлем демалушыларға ұсынылатын қосымша қызметтер үшін алынады. Көлдегі жағдайды тілшіміз Сабина Жолдаспаева көріп қайтты.
ҚР заңнамасына сәйкес кез келген азаматтың жалпы пайдаланылатын су айдындарына еркін баруға құқығы бар. Сондықтан Маралды көлінде суға түсу үшін ақы алынбайды. Тек кәсіпкер ұйымдастырған демалыс аймағында арнайы қызметтер көрсетіледі. Яғни төлем табиғи нысан үшін емес, демалушыларға жасалған қолайлы жағдай мен сервистік қызметтерге қатысты.
Сабина Жолдаспаева, тілші
Қазір біз Маралды көлінің жағасында тұрмыз. Ең бастысы тұрғындар көлге кіру немесе суға түсу үшін ақы төлемейді. Мұнда демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Беседкалар, киіз үйлер, шезлонгтар, душ, дәретхана, медициналық бекет пен құтқарушылар қызметі жұмыс істейді. Сондықтан мұнда төлем көлге кіру немесе суға түсу үшін емес, осы қызметтердің барлығын пайдалану үшін алынады.
Гүлмира Отарғалиева, Маралды демалыс аймағының директоры
Заңға сәйкес әр азаматтың су айдынына еркін баруға құқығы бар және біз оны ешқашан шектемейміз. Сондықтан көл жағасының бір бөлігі барлық адамға тегін қолжетімді. Бұл аумақта дәретхана мен мангал қоятын арнайы орын сақталған. Кез келген адам осы жерге келіп, көлге тегін кіріп, суға шомыла алады. Ал жайлы демалыс үшін ұсынылатын қызметтерді пайдаланғысы келетіндер арнайы қызмет пакетін рәсімдейді. Төлем жағалауды күтіп ұстау, қоқыс шығару, электр қуаты, тазалық пен басқа да сервистік қызметтер үшін алынады.
Сабина Жолдаспаева, тілші
Ал бұл көлдің кез келген адам еркін келе алатын бөлігі. Мұнда көлге кіру де, суға түсу де тегін. Егер демалушыға қосымша қызметтер қажет болмаса, ешқандай ақы төлемей-ақ көл жағасында демалып, суға шомыла алады. Яғни, таңдау әр адамның өз еркінде. Жай ғана табиғат аясында тегін демалу немесе қосымша қызметтері бар жайлы демалыс аймағын пайдалану.
Маралдыға еліміздің әр өңірінен келетін демалушылардың айтуынша, қызметтердің бір пакетпен ұсынылғаны әлдеқайда ыңғайлы. Өйткені қажет дүниенің барлығы бір жерде қарастырылғандықтан, әр қызмет үшін жеке-жеке ақы төлеудің керегі жоқ.
Мағжан Қапанұлы, Алматы қаласының тұрғыны
Өзіміз кішкентай кезімізде осы жаққа келгенде мынаның бәрі болмайтын. Ештеңе болған жоқ. Кішкентай кезімде бір арманым болатын, осы жақ жабық болса деп. Керек болса ақылы болсын. Бірақ, бастысы тәртіп болу керек. Кішкентай кезімізде келгенде өте кір, лас болатын. Барлығы бар, тазалық бар. Душтың өзі де жақсы ғой. Бұрын олай болмайтын. Баклажка әкелетінбіз. Ақшасы төленсе де, соның ақысы беріліп жатыр. Шайынатын суы болсын, тамағы болсын, жататын орны болсын барлығы өте күшті.
Татьяна Куренная, Павлодар қаласының тұрғыны
Бізге осылай тиімді деп шештік. Өйткені сервиске жеке-жеке ақша төлегеннен гөрі, барлық қызметтің бір пакетке кіргені ыңғайлы. Қазір өзімізбен мангал да, шәйнек те алып жүрмейміз. Мұнда бәрі дайын. Мен зейнеткермін. Соған қарамастан аптасына бір рет келіп, барлық қызмет үшін төленетін ақыны қолжетімді деп есептеймін. Қаласаңыз, тегін жағажайға да баруға болады. Ал біз барлық жағдай жасалған жерде демалғанды жөн көреміз. Мұнда әлдеқайда жайлы әрі қолайлы.
Бүгінде демалыс аймағындағы қызметтер пакетінің құны ересектер үшін 1300 теңге. 6 жасқа дейінгі балаларға тегін, 7 мен 12 жас аралығындағы балаларға 500 теңге, ал зейнеткерлер үшін 1000 теңге. Бұл төлем көлге кіру үшін емес, демалушыларға ұсынылатын сервистік қызметтердің толық пакетіне белгіленген. Сондықтан Маралды көлінде әркім өзіне қолайлы демалыс түрін таңдай алады.
Сабина Жолдаспаева